Ғасырлық тарихы бар Қадыр Мырза Әли атындағы білім ошағы тірек мектепке айналды

Ғасырлық тарихы бар Қадыр Мырза Әли атындағы білім ошағы «Қазақстан халқына» ұлттық жобасын аясында тірек мектепке айналды

Атыраудағы Құрманғазы ауданының Сафонов ауылында орналасқан білім ордасы түбегейлі өзгерді. 27 кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, атап айтқанда, биология, физика, химия, Steam, робототехника, информатика кабинеттері, сондай-ақ телестудия және ART-студия, шеберханалар, интерактивті тақталар, спорттық инвертарь мен музыкалық аспаптар оқушыларды қуантып жатыр.

Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев, Атырау қаласындағы NIS директоры Ерали Бижанов, Білім беруді тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев, Атырау облыстық әдістемелік орталық меңгерушісі Дана Баймашова оқушылар, ұстаздар мен ата-аналарды атаулы оқиғамен бірінші болып құттықтады.

– Басты мақсатымыз – сапалы білім беру, осы орайда балаларға да, ұстаздар қауымына да барлық жағдай жасалды, – деп мойындады мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бас серіктес ретінде жобаның алғашқы күнінен бастап ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және бүкіл педагогикалық ұжымға әдістемелік қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыстарын бастап кетті, сондай-ақ мектепті жаңарту барысында NIS өкілдерінің ұсыныстары толығымен ескерілді.

– Оқу үдерісін 100 пайыз қамтамасыз ету, сондай-ақ оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту үшін бар мүмкіндік берілген. Әсіресе, мектептің психологиялық және Steam кабинеттері, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар барша ұжымды қуантты. Біз NIS тарапынан әдістемелік көмек беріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұмтыламыз, – дейді Атыраудағы NIS директоры Ерали Бижанов.

– Түрлі тігін машиналарының келгеніне бақыттымын. Сыныптастарымызбен бұл құрылғының жұмысымен танысып, маталардың үстіне өрнектер салуды үйреніп жатырмыз, – дейді оқушы Жазира Сәбитова.

«Қазақстан халқына» қорының өкілдері жобаның негізгі миссиясы – қала мен ауылдық білім арасындағы алшақтықты жою деп атап өтті. Еліміз бойынша 17 тірек мектепті жабдықтауға бағытталған операциялық шығындар Білім беруді тұрақты дамыту қоры есебінен жабылды.

– 2022 жылдың шілдесінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстан халқына» және Білім беруді тұрақты дамыту қорларының үш жақты келісімі аясында бұл мектеппен қазірге дейін біліктілікті арттыру, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. NIS тарапынан әдістемелік қолдау көрсетілуде. 3 жыл ішінде мектепті ауыл өмірінің орталығы ретінде балалардың потенциалын ашатын нағыз оқу ордасына жеткізуді мақсат етіп, – деп атап өтті Білім саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.