Баспасөз-қызметі
Өскемендегі NIS оқушылары – NASA International Space Apps Challenge-дің финалында
Өскемендегі NIS оқушылары Әлжан Нұрғалиев, Дарын Катренов, Шыңғыс Мағауия, Жансая Тоқтарханова және Аружан Еркебұланқызы NASA International Space Apps Challenge халықаралық хакатонының аймақтық кезеңінде үздіктер қатарынан көрініп, әлем бойынша ТОП-40 қоманда тізіміне енді.
Бүгінде зияткерлер NASA International Space Apps Challenge хакатонының финалдық кезеңіне қатысуда.
– Қазіргі уақытта жаһандық бағалау кезеңі жүріп жатыр және қаңтар айында ТОП-10 команда белгілі болады. Оларды АҚШ-та өтетін марапаттау рәсіміне шақырады. Өткен жылдары жеңімпаз атанғандар Хьюстондағы NASA ғарыш агенттігінің базасына барған еді. «dashzhan» командасы үздік ондыққа кіреді деп үміттенеміз, – дейді НКО COSMOS NPIO директоры Александр Аркадьевич.
NIS оқушыларынан құралған «dashzhan» командасы халықаралық хакатонның аймақтық кезеңінде Жер мен ғарыш кеңістігінің қордаланған мәселелерін шешуді көздеген бағыттардың ішінен «Жұлдыздың пайда болуы мен жұлдыздар эволюциясы» тақырыбын таңдап алып, берілген 24 сағаттың ішінде «Dash to the Sun» атты мобильді қосымшасын жасақтады. Қызықты ойын түріндегі мобильді қосымша арқылы жұлдыз жасай отырып, физика, астрофизика мен гелиофизика заңдылықтарын оп-оңай меңгеруге болады.
Айта кетейік, NASA International Space Apps Challenge Қазақстанда 4 рет ұйымдастырылды. Байқау Алматы, Астана, Орал және Өскемен қалаларында өтті. Биыл қазақстандық алаңдарда 89 команда құрамында 300-ден жас ғалым қатысты.