Шырмауық лигасына NIS-тің тағы 3 оқушысы шақыру алды

Американың ең таңдаулы оқу ордаларында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 3 оқушысы білім алуға мүмкіндік алды. Олардың барлығы әлемдік деңгейде мойындалған Айви лигасының құрамындағы университеттер. Аталмыш ЖОО-лар оқушылардың IELTS пен SAT емтихан нәтижелері мен ғылым жолындағы белсенділіктерін басшылыққа алған.

Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Дәулет Қапаров Пенсильвания университетінде инженерлік бағыт бойынша оқуға мүмкіндік алып отыр. АҚШ-тың ең көне оқу орнының бірінде зияткер ғылыммен тереңірек айналысып, жаңа жобалар жасауды мақсат етіп отыр.

Ал соңғы екі жыл ішінде аутизм және мигрень тақырыбын белсенді зерттеп жүрген Аида Абкенова Браун университетінде робототехника және бағдарламалау саласы бойынша білімін жетілдіреді. Ол Германияның Дортмунд қаласында өткен World Robot Olympiad халықаралық байқауында инсульттан кейін оңалту жүйесі бойынша жобасын ұсынған болатын. Айта кетейік, бұл университет жыл сайын бүкіл әлем бойынша талапкерлердің тек 6 пайызын ғана қабылдайды.

– Нәтижелерді күту процесі қызық болды. Нәтижелер 3 күн ішінде келеді. Мұхиттың арғы жағында бір топ адам сіздің тағдырыңызды шешіп жатқанын ойлағанда ұйықтай алмайсың. Құттықтау хатын ашқан кезде мен ұзақ уақыт бойы сене алмадым. Тіпті бұл ұзақ ұйқтамағандықтан күйзеліс пен галлюцинация шығар деп те ойладым, - дейді Аида.

Үздік университетке түскендердің қатарында Астанадағы NIS IB оқушысы Әмина Лесбекова да бар. Озат оқушыға Корнелл университеті шақырту жіберген. Осы университетке оқуға түсуді 8 сыныптан бері арман еткен зияткер үлкен мүмкіндіктер үшін Зияткерлік мектепке де алғысын жеткізді.

– Осы университетке құжат тапсырып жатқанда мені қабылдайтынына күмәнмен қарадым. Корнелл – сегізінші сыныптан бері армандаған университетім. Бұл жоғары оқу орны үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады. Физика саласында желі құру, зерттеу және білім алу үшін таптырмайтын орын, – дейді Әмина.

Айви Лигасы (Ivy League) - АҚШ-тың солтүстік-шығыс жағалауында орналасқан Американың және әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының қауымдастығы екенін айта кеткен жөн.