Баспасөз-қызметі
Шымкенттік оқушылардың пластикті жылдам ыдырату жобасы әлемдік байқауда үздік деп танылды
Парижде өткен халықаралық гендік-инженерлік машиналар байқауынан (IGEM) Шымкент қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары алтын медалмен оралды. «NIS_Qazaqstan» тобы гендік модификацияланған бактериялар көмегімен ПЭТ-пластикті ыдырату экологиялық жобасын ұсынған.
– Бұл ғылыми зерттеуімізде арнайы ферменттер арқылы пластикті әлдеқайда жылдам әрі экологиялық таза ыдыратып, қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына, соның ішінде Қазақстанның күрт континенталды ауа-райына бейімдеп жасап шықтық. Бұл байқау біз үшін – ең үлкен жеңіс, – деді команда жетекшісі Жанна Утебаева.
Синтетикалық биология бойынша ауқымды «IGEM» байқауы жоғары сынып оқушылары мен студенттерінің үздік ғылыми жобаларын іріктейтін әлемдік байқау. Биыл Paris Expo Porte de Versailles синтетикалық биология дүниежүзілік көрмесінде 66 елден 350-ден аса команда мен 7000 қатысушы бақ сынады.
Айта кетсек, байқау тарихында Қазақстан оқушылары алғаш рет жеңіске жетіп, «Best Inclusivity» және «Best Project Promotion Videо» арнайы номинацияларымен марапатталды.