Баспасөз-қызметі
Шотландияда NIS мұғалімінің зерттеу жұмысы жоғары бағаланды
Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі Гүлмира Бесенбаева Шотландияның Глазго қаласында өткен ECER-2023 (European Educational Research) халықаралық конференциясында «The best poster» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Мұғалім-модератор шетелдік әріптестеріне өзінің «Жоғары дәрежелі сұрақтарды жүйелі пайдалану арқылы биология сабақтарында оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамыту» тақырыбындағы зерттеу тәжірибесімен бөлісіп, оның маңыздылығына тоқталды.
Гүлмира Сембайқызы тақырыпты зерделеу барысында стандартты емес әдістерді қолданған. Яғни сұрақтардың мазмұнына ерекше мән бере отырып 8-10 сынып оқушылары арасында сыни ойлау дағдыларын дамытқан.
– Оқытуда жоғары деңгейлі ойлау стратегияларын қолдану арқылы оқушыларды сұрақ қоюға, түрлі көзқарастарды жан-жақты қарастыруға, сондай-ақ сантүрлі ақпараттар арасындағы байланысты табуға үйретуге болады, - дейді ол.
Алғаш рет еуропалық конференцияға қатысқан педагог-модератор халықаралық деңгейдегі конференция ұстаздар қауымына зерттеу стратегиясын құруға және дамытуға көмектесетін бірден-бір орта екенін атап өтті.
– Мен конференция барысында өзім үшін шетелдік әріптестерімнен көп тәжірибе жинадым. Әрбір тақырыптан педагогтер өз зерттеуін жасай алады, статистикалық талдау жасауына да мүмкіндігі бар. Тек өз жобаңызды осындай ірі конференцияларда ұсынудан қорықпау керек, - деді Гүлмира Бесенбаева.
Айта кетейік, биыл халықаралық конференцияға әлемнің 80 елінен 3500-ге жуық зерттеуші мұғалім қатысты.