«Мектеп - тұлға тәрбиесі»

Түркістан облысының педагогтары үшін тәрбие жұмысындағы NIS-тің үздік кейстері мен әлеуметтік жобалары

Түркістан қаласында «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы мен ең танымал NIS жобалары ұсынылды. Оңтүстік өңірдің 400-ден астам педагогы «Мектеп – тұлға тәрбиесі» семинар-практикумында кездесті. Аудандық білім басқармаларының қызметкерлері, директорлардың орынбасарлары, кітапханашылар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие жұмысындағы үздік кейстері мен әлеуметтік жобаларына талдау жасады.

– Семинар-практикумның негізгі мақсаты - «Рухани жаңғыру» жобасы және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы шеңберінде мектептерде тәрбие және кітапхана жұмысын ұйымдастыру бойынша Түркістан облысының педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету болып табылады, - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Наталья Жұмаділдаева.

NIS-тің даму департаментінің директоры Рустам Әбіловтың баяндамасының басты тақырыбы ата-аналармен ынтымақтастық, оның ішінде оларды мектеп өміріне тарту және ата-аналар университетін құру болды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ өз баяндамасын қазіргі білім берудегі мектеп кітапханаларының рөлін трансформациялау, кітапханашы педагогтардың кәсібилігі және электрондық ресурстарды кеңейту сияқты өзекті тақырыпқа арнады.

Бүгінгі таңда патриоттық, өлкетану, әдеби, тарихи, музыкалық тақырыптармен біріктірілген NIS-тің тәрбиелік жобаларының көпшілігі республиканың жалпы білім беретін мектептеріне таратылады. Олар: «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Қоғамға қызмет ету», «Ұлы дала ақындары», «Ұрпақтар сабақтастығы», «100 күйдің тарихы», «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «Даналық бейсенбі», «Bookrossing», «Оқу сағаты», «Кітап әлемді бағындырады» және тағы басқалар. Олардың барлығы жаһандық азаматтықты, әлеуметтік жауапкершілікті, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, сондай-ақ көпұлтты халықтың аға буынын, тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін құрметтеуге бағытталған.

Түркістан Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов NIS оңтүстік өңірдегі педагогтардың кәсібилігін дамыту бойынша бірқатар жобаларды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Түркістан қаласы әкімдігінің адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова семинар-практикум тақырыбының өзектілігін және оның мазмұнын, облыстың барлық мұғалімдері үшін білім беру жобасының рөлін атап өтті.