Баспасөз-қызметі
Асанали Әшімов – қазақ киносының саңлағы
«Шабыт» жобасы аясында Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен Асанали Әшімовпен онлайн кездесу.
Ұлт руханиятының төлқұжаты іспетті бүгінгі санаулы саңлақтарды термелегенде еріксіз есіңе ең бірінші түсетін танымал есім де – Асанәлі Әшімов. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Кешегі асылдардың бүгінге жеткен жарқылы.
Бұл кездесуде Асанали Әшімов өмірі, бала кезі мен Халық академиясы, ұстаздары жайлы естеліктері хақында айтты. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріне бір мерзімде қатарынан түсу жайындағы әсерімен бөлісті.
– Өнердің бәрі өмірден алынады. Сол өмірден өнер жасау керек. Алайда өмірдің бәрі өнер емес, өнер – бір төбе. Көп нәрсені өнер жасау керек. Фильмдегідей болмаған шығар өмірде, алайда көтермелеп, фантазия, әдемілікке қарай бет бұру, бұл – кино. Ал солардың өмірін зерттеп, суретке шығарса, ол – өмір, – дейді Асанәлі Әшімов.
Ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет саласындағы шоқтығы биік тұлғалардың қайсысымен сыйлас, сырлас болғаны, қазақтың төл туындысы «Қыз Жібек» фильмі франциялықтарды несімен қатты таңғалдырғаны туралы ойлар қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды.
– Өнердің адамдарымен сыйлас болдым. Мұхтар Әуезовтың қолына су құйдым. Олар менің мектебім. Өмірде де, өнерде де.
– Өзіңіз жақсы көрмей келген мамандықтың майталманы бола білу – бұл үлкен ерлік. Менің жанымда ылғи жақсы адамдар жүреді дегеніңіздің ар жағында үлкенге, ұстазға, туған туысқанға, әріптеске деген құрмет жатыр, адамдармен қарыс-қатынастың тазалығы жатыр. Осы жағынан ұстаздар бүгін үлкен рухани дүние алды. Екіншіден, Отанға деген сүйіспеншілік сіздер сияқты азаматтармен кездесуден қалыптасады. Үшіншіден, еңбекке деген құрмет. Бүгінгі әңгімеңізден бұны көрдім. «Жақсы актердің сыбыры да жетеді көрерменге», сол сияқты «жақсы ұстазға да айқайдың қажеті жоқ». Жақсы ұстаздың қараған көзқарасынан бір-екі-ақ сөзінен оқушы не керек екенін түсінеді. Ұстаздар ретінде біз бүгін сізден үлкен сабақ алдық деп есептеймін, – деді Күляш Шамшидинова.