Баспасөз-қызметі
Серік Толықпаевпен шабытқа толы кездесу
Республикалық «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» педагогтер форумының екінші күні AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың жалынды сөздерімен басталды:
– Әр қазақстандық азамат ел алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Ұстаздарға жүктелген басты миссияның бірі де осы – Отан мен халыққа пайда әкелер тұлға тәрбиелеу.
Танымал кәсіпкердің балалық шағынан сыр шертіп, жеке өмірлік қағидалары мен тәжірибесін бөліскен, кез келген істі бастағанда идеяны стратегияға айналдырудың маңызын ұғындырған кездесу жас педагогтерге ерекше серпін сыйлады. Сондай-ақ Серік Толықпаев AITAS холдингі мен Назарбаев Зияткерлік мектептердің бірлескен ауылдық жерлерде білім сапасын көтеру бойынша жобасының бүгінде мемлекеттік деңгейде қолға алынып, жоғары нәтиже бергені үлкен жеңіс екенін мақтанышпен атап өтті.
– «Ауыл мектебі powered by NIS» әлеуметтік жобасын бастауда қаржыдан да маңызды болған нәрсе – оның мазмұнын толықтыру еді, яғни білім беру бағдарламасына сай педагогтерді дайындау, тәжірибеден сәтті өткен жаңа методикаларды енгізу, мониторинг және зерттеу жүргізу. Назарбаев Зияткерлік мектептері бұл міндетті өзіне алып, абыроймен атқарып келеді, – деді спикер өз сөзінде.
Форум барысында Серік Толықпаев жастардың барлық сауалына жауап берді, ұстаздықтың болашағын талқыға салып, пікір алмасты. Шабытқа толы кездесудің жарқан сәттері әр қатысушының жеке фото-мұрағатынан орын алды.