Баспасөз-қызметі
Ақтаудағы NIS түлектері сүйікті мектебімен қайта қауышты
Ақтаудағы «SAMGAU» форумының ашылу салтанатында Alumni NIS президенті Жанель Сабденова «Giving» концепциясын таныстырып, оның оқушылар мен түлектер үшін өзектілігін түсіндірді.
Ақтаудағы Зияткерлік мектептің 2017 жылғы түлегі Есет Сидешов «SAMGAU» форумына Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің магистранты ретінде келді:
— Менің NIS түлегі атанып, Қазақстанның үздік жоғары оқу орнына түскеніме 5 жыл болды. Бүгін форумның арқасында сүйікті мектебіме оралып, мұғалімдеріммен кездескеніме қуаныштымын.
Есет – Ақтаудағы NIS-тің алғашқы түлектерінің бірі әрі өзін-өзі басқару ұйымының тұңғыш президенті. 2021 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірген, қазіргі уақытта Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің магистратурасында оқиды.
Ал осы Зияткерлік мектептің 2022 жылғы түлегі Әмина Шайдуллина бүгінгі таңда Швейцариядағы Франклин университетінде оқиды:
— Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі маған шетелдік беделді жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік берді. Бүгін тәжірибемізбен бөлісудің кезегі бізге келді. «SAMGAU» форумы аясында мен Франклин университеті және оқуға түсудегі жеке тәжірибем туралы айттым.
Әмина Шайдуллина – мектеп тарихында швейцариялық университеттің шәкіртақысына ие болған бірінші студент.
«SAMGAU» форумы оқушылар мен түлектер арасындағы жолдастық волейбол матчымен аяқталды.