Баспасөз-қызметі
Сандық ресурстар көмегімен психологтар жұмысын жүйелеу мен мектептердегі тамақтандыру мәселелері талқыланды
«Зияткерлік мектептердің оқушыларына қолдау көрсету үшін цифрлық психологиялық қызметтерді интеграциялау» тақырыбында өткен педагог-психологтарға арналған тәжірибелік алаң цифрлық ресурстардың көмегімен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға, қорғау мен дамытуға бағытталған.
Балалардың игілігі департаменті директорының орынбасары Күләш Сәлімбаева жаңа оқу жылынан бастап белсенді түрде қолданысқа енетін психологтарға арналған екі платформамен таныстырды. Сондай-ақ психологиялық тесттер, вебинарлар, психологтарды оқуға арналған кітаптар мен мақалалар, мектепте тәжірибеде қолдануға арналған бейнематериалдар орналастырылған «Электрондық әдістемелік орталық» және «Кейс менеджменттің цифрлық хаттамасы» цифрлық ресурстарының артықшылығын атап өтті.
Ал елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің педагог-психологі Татьяна Батлукова өз баяндамасында оқушылардың игілігін скринингтеу құралдары жөнінде толығырақ тоқталып, іскерлік және жеке қасиеттерді талдаусыз мектепте салауатты әлеуметтік-психологиялық ахуал құру мүмкін еместігін айтты.
Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектептің педагог-психологы Әсем Сейлғазинова болса жұмыс барысында электрондық әдістемелік орталықты қолданудың тиімділігімен бөлісті. Оның ойынша, психолог жұмысы мен диагностикасын тұтас процес ретінде қарастыру маңызды.
Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің педагог-психологі Жанат Аманова бес Зияткерлік мектепте кейстерді басқару бойынша пилоттық тәжірибенің нәтижелерін талдау мен тәуекел аймағындағы балалардың сұраныстары туралы айтты.
Мұнан бөлек медицина мамандарына арналған онлайн-платформада Зияткерлік мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыру тәсілдері қарастырылды. Белгілі диетолог Дияра Антаева білім беру ұйымдарында тамақтануды кешенді түрде жүргізу бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен бірге тәжірибелік алаңда Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі медицина қызметкерлеріне қоғамдық тамақтанудағы санитарлық нормаларды сақтау, созылмалы аурулары бар оқушыларға арнайы диеталық мәзір мен күнделікті жұмыста бақылау парағын әзірлеу мен пайдалануды ұсынды.