Баспасөз-қызметі
SAMGAU–2023
21-22 желтоқсан күндері еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Alumni NIS қауымдастығының «SAMGAU» түлектер форумы өтті.
Дәстүрлі басқосуда түлектер мен арнайы қонақтар, оқушылар мен ұстаздар «Жасанды интеллект және білім берудің болашағы» тақырыбында пікір алмасып, ЖИ технологиясының академиялық адалдыққа әсерін талқылады.
Форумның сессияларында NIS түлектері тәжірибе бөлісіп, бағыт-бағдар берді, арманды мақсатқа айналдырудың жолдарын көрсетті, оқушылардың мамандық пен университет таңдауда туындайтын сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ Зияткерлік мектептер түлектерінің қауымдастығын туралы баяндады.
– Форум керемет әсер қалдырды! Бұл жоба ұрпақтар сабақтастығын нығайтумен қатар ізбасарларымызға бағдар бола алады. Мен жас буын өкілдеріне кеңес беруге, жоғарғы оқу орнына тапсыруда міндетті түрде ескерілуі қажет ақпараттарды айтуға қашан да дайынмын, – дейді Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS түлегі, Гонконг университетінің студенті Кристина Хлопунова.
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Гүлдана Сәбитова кездесуде NU Медицина мектебіне түсу және білім беру бағдарламасының ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар студенттік клубтар жұмысы мен қызықты жобалары туралы баяндады.
– Түлектер форуму маған да университет пен мамандық таңдауға ықпал етті, сондықтан мектептің беріп жатқан мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет, болашаққа нық қадамдар жасау үшін сапалы білім алуға ұмтылу керек, – дейді Гүлдана.
Ал Талдықорғандағы NIS түлегі Аружан Манарбекқызының кейсі шығармашылық мамандық таңдауға арналды. Бүгінде Аружан – Нью-Йорк киноакадемиясының студенті:
– Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі маңызды шешім. Дегенмен, бірқатар себептерге байланысты оқушыларға дұрыс шешім қабылдау қиынға соғады. Осындай жағдайларда мен GAP-year алуға кеңес беремін. Шығармашылық мамандықтарды таңдауға қорықпаңыздар. Василий Сухомлинский айтқандай: «Әрбір адамның ішінде ұйықтап жатқан құс бар, оны ұшыру үшін оны ояту керек. Бұл сиқырлы құстың аты – шығармашылық».
Ақтөбедегі NIS түлегі, Чехиядағы Шкода Авто университетінің студенті Исламғали Таңатаровтың форумда сөйлеген сөзі көптің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол келешекте табысты болу үшін қарым-қатынас дағдыларын дамытудың маңыздылығын атап өтті, сонымен қатар шет тілдерін үйрену идеясын қолдады.
Петропавлдық Alumni NIS мүшелерінің пікірінше, «SAMGAU» форумы түлектер мен оқушылар үшін бірегей диалог алаңына айналған.
– Форумда жеке тәжірибемізбен бөлісіп қана қоймай, «Alumni NIS» қауымдастығының миссиясын насихаттаймыз. Жақында Италия астанасы Рим қаласында түлектердің алғашқы жиыны өтті. Бұл оқиға NIS түлектерінің Қазақстанда ғана емес, шетелде де бір-бірін қолдайтынын көрсетеді. Бұл – NIS идеясын жаһандық деңгейде таратудың тағы бір қадамы, – дейді петропавлдық түлек Ансар Тілепберген.
Қарағандыдағы Зияткерлік мектептің түлегі Ақмарал Дайрабай да Аlumni NIS қауымдастығы қызметінің маңызына тоқталды:
– Қазіргі таңда Аlumni NIS қауымдастығы бірнеше жобаны іске асырып келеді. Олар түлектердің дамуы мен өсіп-өнуіне ғана бағытталмай, қоғам үшін де игі бастамаларды көтереді. Мысалы, биыл түлектер күш біріктіріп, ауыл мектебінің бір оқушысына NIS-те тегін білім алуға мүмкіндік сыйлаған еді. Алдағы уақытта да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, мектебімізге, қоғамға және мемлекетімізге пайдамызды тигізейік.
Ақтаудағы NIS-те түлектердің ата-аналары да шараға белсене қатысып, «Шабыт беру және қолдау» көрсету тақырыбында шағын сессиялар өткізді.
– Мектеп ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болуы керек. Балаларым – Зияткерлік мектептің түлектері, бірі Назарбаев Университетінде оқыса, бірі Гонконгтағы PolyU университетінде білім алуда. Балаларымның жеткен жетістігі Зияткерлік мектептің берген білімі мен ата-ана ретінде біздің қолдауымыздың арқасында деп білемін. Білімге ұмтылған балаға әрқашан демеу беру керек, – дейді Айман Спанова.