Баспасөз-қызметі
«SAMGAU»-дың басты кейіпкерлері – түлектер мен оқушылар
– Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері түрлі белестерді бағындыруда, – деп «SAMGAU» форумында Павлодардағы NIS директоры Думан Сапаков алғы сөзін бастады.
Бірінші сессияда түлектер үздік отандық және шетелдік университеттерге қалай түсуге болатыны туралы жеке оқиғаларымен бөлісті: SAT және IELTS емтихандарын тапсыру, ұсынымхат пен уәждемелік хаттар жазу, белгілі жоғары оқу орындарының гранттары мен стипендияларын анықтау.
Павлодардағы Зияткерлік мектептің 2020 жылғы түлегі Ислам Сүлеймен әлемнің 18 университетіне шақырту алды. Оның таңдауы Катардағы Northwestern университетіне түсті. Қазір «медиа индустрия және медиа технологиялар» мамандығы бойынша білім алуда. Ислам мектептегі медиа-үйірменің мамандық таңдауға ықпалы зор екенін мойындады.
Азамат Бегенов – 2016 жылғы түлек, Назарбаев Университетін химия мамандығы бойынша бітіріп, магистратурада оқуын жалғастыруда:
– Оқуға түсуге дайындықты мүмкіндігінше ерте бастаған дұрыс. Сонымен қатар сіздің қосымша жоспарыңыз болуы керек, өйткені бәрі біз ойлағандай бола бермейді. 10-12 сынып оқушыларына кәсіби бағдарлаушы маманмен тығыз жұмыс жасауға кеңес беремін. Себебі ол кез-келген сұрақтың жауабын таба алады.
Түлектер мен оқушылардың «SAMGAU»-ға басты кейіпкер болуы – форумның ерекшелігі, себебі олардың ынтымақтастығы NIS бауырластығын нығайта түседі.