Баспасөз-қызметі
Тамыз кеңесінде «NIS-Programme» бағдарламасының жаңарған нұсқасы таныстырылды
Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі тамыз кеңесінің алғашқы күні аяқталды. Конференция қатысушылары бес бағыт бойынша өзара пікір алмасып, баяндамалар жасады.
«Негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған NIS-Programme білім беру бағдарламасын жүзеге асыру» атты тәжірибелік алаңда Білім беру бағдарламалары орталығы «NIS-Programme негізгі құзыреттілік шеңбері» жобасын ұсынды. Аталмыш жоба оқушыларға соңғы технологиялар мен заманауи білім беру тәсілдерін сабақ процессінде қолдануға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының айтуынша, әрбір Зияткерлік мектептің базасында білім беру бағдарламаларын қайта қарау кезінде проактивті педагогтер мен мектеп әкімшілігі арасында жобалау топтары құрылған. Бұл өз кезегінде оқыту жүйесіндегі өзгерістерді тереңірек зерделеп, ортақ шешімге келудің жолы.
Бұған дейін Білім беру бағдарламалары орталығы жоба аясында барлық ұсыныстарды талқылап, мектептермен консультациялар өткізген. Осылайша тәжірибелік алаңда жан-жақты талданып, терең зерделенген жаңа жоба жиын қатысушыларына таныстырылды.
Сонымен бірге конференция аясында Білім беру бағдарламалары орталығының сарапшылары мен NIS педагогтері өздерінің жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Ал орталық эксперті Айғаным Сатылы қазақ тілі мен әдебиеті сабағында негізгі құзыреттіліктерді қалыптастырудың тың бағыттарын, сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, ресми-іскерлік сынды тақырыптар алынып, орнына жаңасы ұсынылғанын хабарлады.
Мұнан бөлек 9-сынып оқушыларының деректермен жұмыс істеу дағдыларын арттыру мақсатында терминология, ғылыми деректерді пайдалану, сөйлеу мәдениетін арттыруға басымдық беріліп отыр. Медиа сауаттылықты арттыру бойынша ақпараттың өзектілігі, дәлдігі мен дұрыстығын ажыратып, бағалауға арналған дағдылармен толықтырылған.
Ал сөйлеу мәдениетін қалыптастыру сабағында бұрынғыдай тек ауызша қарым-қатынас әдістері ғана емес, қарым-қатынас формалары да енгізіліп отыр.
Практикалық алаңда экономика сабақтарында оқушыларды экономика бойынша олимпиадаларға дайындау әдістемесі қарастырылды.
Енді жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған NIS-Programme бойынша 7 сынып оқушылары білім ала бастайды. Ал келер жылдары басқа сыныптар да жаңарған бағдарламамен оқитын болады.