Баспасөз-қызметі
Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсен NIS өкілдерімен кездесті
Бүгін елордада Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсен мен Елшіліктің мәдениет бөлімі басшысы Мехтхильд Зассе NIS өкілдерімен кездесті.
Елшілік делегаттары Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте болып, NIS HUB техноториясын, мектеп кітапханасы мен оқу кабинеттерін аралады.
NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин меймандарға Зияткерлік мектептер экожүйесін, бірегей NIS-Programme оқу бағдарламасы мен NIS Grade 12 Certificate мүмкіндіктерін, тәрбие жұмысы мен орталықтардың қызметін таныстырды. Сондай-ақ кездесу барысында NIS пен Германия қатынастарының, оның ішінде ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтымен ынтымақтастық, «Серіктес мектептер» жобасы, DSD тілдік дипломын иелену мен мектептердегі неміс тілін оқыту үрдісінің дамуы мен жетістіктеріне шолу жасалды.
Басқосу соңында Елші Моника Иверсен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдерінің ыстық ықыласы үшін алғыс білдіріп, Германия Федеративтік Республикасы мен NIS арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.