Баспасөз-қызметі
Петропавлдағы NIS ұстаздар арасында алғаш рет пікірсайыс турнирін өткізді
Петропавлдағы NIS-те «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 15 жылдығына орай мұғалімдер арасында алғаш рет «Қос Аңыз» республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Дебат ойындарына Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Абай, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан келген қазақ лигасының 12 құрамасы қатысты. Педагогтер қоғам мен білім беру саласындағы мәселелерді ортаға салып, өзара талқылап, шешу жолдарын ұсынды.
– Дебат қозғалысы оқушылар арасында жаңғырып келеді, сондықтан бұл форматтың бірыңғай болуын қамтамасыз ету, шәкірттерге нені үйрету керектігін ұғыну, ұтымды тұстарын көрсету мақсатында ұстаздар арасында бірінші рет турнир өткіздік. Сондай-ақ педагогтердің де өзара тәжірибе алмасуы, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын шыңдауы да аса маңызды, – дейді Петропавлдағы Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжан Тұрсынов.
Ал Ұлытау облысының Қарсақбай кентіндегі №15 тірек мектептен келген тарих пәні мұғалімі Дархан Есенбаев пікірсайыс турнирінен ерекше шабыт алған. Жас маман алдағы уақытты дебат қозғалысын өз өңірінде дамытуға ниетті:
– Бұрын дебатқа аса қызықпайтынмын, бірақ бұл жолы шара қызу әрі кәсіби деңгейде өтті. Жаңа білім, озық тәжірибе жинадым деп айта аламын. Енді өзімде барды шәкірттеріме үйретуге асықпын.
Семейдегі NIS-тің тарих пәні мұғалімі Данияр Кемешев дебатпен студенттік кезден айналысады және мектептегі «Қағида» пікірсайыс клубына жетекшілік етеді. Ұстаздың пікірінше, педагогтер арасында дебаттық ойындар өткізу оқушыларды жарысқа дайындау үшін тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
– Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Өйткені оқушыларды дебаттық ойындарға әзірлейтін педагогтердің өздерінде сайыстың форматы жайлы түсінік, тәжірибе және сыни ойлау қабілеті болуы керек, – деп бөлісті Данияр Кемешев.
Турнир британдық парламент форматында қомандалық сайыс және Линкольн-Дуглас форматында жеке спикерлердің сайысы түрінде ұйымдастырылды. «Үздік спикер» атағын қостанайлық ұстаз Дастан Қалиев жеңіп алды. Құрамалар арасында үшінші орынға «Павлодар А» командасы тұрақтады. Екінші және бірінші орындар бұл жолы Қостанай қаласының «Амангелді тарландары» және «Парасат майданы» құрамаларының дебатшыларына бұйырды. Алдағы уақытта бұл турнир Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ, орыс және ағылшын лигаларында дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарлануда.