Баспасөз-қызметі
Петропавлдағы NIS оқушылары Гонконгтың жоғары оқу орындарына түсті
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары — Олжас Құсайын, Нұрсат Керей және Айсана Басагаринова Азия құрлығының үздік жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді.
Олжас Құсайын мен Нұрсат Керей City University of Hong Kong (CityU) университетін таңдады. Гонконг қалалық университеті жоғарғы оқу орындарының әлемдік рейтингінде (World QS Ranking) 54-ші және университеттердің Азиялық рейтингінде 23-ші орында тұрақтаған. Бұл ғылыми-зерттеу және жоғары білім беру саласында жоғары беделі бар, әлемдік деңгейде қарқынды дамып келе жатқан оқу ордасы. Олжас электр инженериясын бағдарламасын таңдаған. Ал Нұрсат биоинженер болуды армандайды.
Айсана Басагаринова Гонконг Қытай университетінің (Тhe Chinese University of Hong Kong) грант иегері атанды, ол да биоинженерлік салаға бет бұруды мақсат етіп отыр.
Бүгінгі таңда Гонконг университеттерінде петропавлдық Зияткерлік мектептің 3 түлегі оқиды. Екеуі Hong Kong Polytechnic University студенті, тағы біреуі Hong Kong University-де білім алуда.