Баспасөз-қызметі
Педагогикалық өлшеулер орталығы Орта Азияда бірінші болып AEA-Europe қауымдастығында бағалау бойынша зерттеу тобын құрды
NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы Еуропалық білім берудегі бағалау қауымдастығы (Association for Educational Assessment – Europe, AEA-Europe) платформасында Кешенді бағалау мәселелері бойынша арнайы топ (Holistic Assessment Special Interest Group, HASIG) құруға мүмкіндік алды.
24 жылдық тарихы бар AEA-Europe қауымдастығы – жыл сайын 25-тен астам елден 250-ге жуық қатысушыны қабылдап, білім берудегі бағалау тақырыбында зерттеушілер мен практик-мамандар бас қосатын ғылыми алаң.
Арнайы топтың Басқарушы комитетіне Кембридж университетінің жетекші ғалымдары Тим Оутс және Иренка Сутомен бірге Педагогикалық өлшеулер орталығының эксперті Гүлбақыт Сұлтанова төрағалық етеді. Комитет құрамына сондай-ақ Педагогикалық өлшеулер орталығының қызметкері Әсел Рахимбекова кірді.
Арнайы топта жұмыс жасау бағалау саласындағы өзекті мәселелерді әлем ғалымдарының назарына ұсынып, ең озық ойлар мен ғылыми ізденістерге қол жеткізуге, әбден сарапталған тұжырымдарды оқу үрдісіне енгізуге жол ашады және Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің ғылыми әлеуетін арттырады.