Павлодардағы Зияткерлік мектепке – 10 жыл!

Бүгін Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 10 жыл толды. Осы аралықта білім ордасы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуінен сәтті өтіп, NIS-тің мектеп өмірі мен оқу процесін ұйымдастыруда әлемдік стандарттарға екенін растады.

Павлодардағы NIS республикалық және Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде бірнеше рет ең үздік олимпиадалық мектеп атағына ие болды. Сонымен бірге Қазақстандағы 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингінің алғашқы ондығына кіреді.

10 жыл ішінде 400-ден аса зияткер халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Олардың қатарында физикадан Халықаралық олимпиада (IPhO), Туймаада, химиядан Халықаралық олимпиада (IChO), Жәутіков олимпиадасы, Менделеев олимпиадасы, физикадан Азия олимпиадасы (APhO), Royal Society of Biology in the British Biology Olympiad, математикадан Балқан олимпиадасы және басқа да беделді білім бәйгелері бар. Сондай-ақ оқушылар 9 патент және 64 авторлық құқыққа ие.

Павлодардағы Зияткерлік мектепті 900-ге жуық түлек бітірді. Бүгінде олар еліміздің үздік жоғары оқу орындарында және АҚШ, Италия, Испания, Оңтүстік Корея, Венгрия, Қытай, БАӘ, Египет, Ресей Федерациясының университеттерінде, сонымен қатар Айви Лигасы мен QS World University Rankings халықаралық рейтингіне енген білім ордаларында оқуын жалғастыруда.

«Серіктес мектептер» жобасы аясында 18 халықаралық мектеп және 4 халықаралық білім беру орталықтарымен, сондай-ақ Нидерланд, Қытай, Испания, Үндістан, Тайвань, Израиль сияқты елдердегі университеттермен тығыз байланыс орнатылды.