Баспасөз-қызметі
Павлодардағы NIS түлегі бірден 4 университеттен шақыру алды
Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Жәния Жүнісова әлемдік деңгейдегі үздік 4 университеттен шақыру алды. Озат оқушыны Кореядағы Chung Ang University мен Korea University, Гонконгтегі Hong Kong Metropolitan University мен Hong Kong Design Institute оқуға шақырған. Талапкердің таңдауы QS World University Rankings рейтингінде 67-шы, Ұлттық рейтингте 3-ші және QS Азия рейтингінде 9-шы орында тұрған Korea University-ге түскен. Университет Жәнияға толық оқу грантын ұсынып отыр. Ол өнер және дизайн бағдарламасында білім алады.
Жәния IELTS емтиханын 7.5 балға тапсырса, SAT емтиханынан 1470 балл жинаған.
– Мен 8-сыныпта көркемсурет мектебін бітірдім. Өнер саласына қатты қызығатындықтан, мектепте би билеу және ән айтумен де айналыстым. Бірнеше жыл бойы ағылшын пәнінен олимпиадаларға қатыстым. 11-сыныпта FLEX бағдарламасымен АҚШ-та оқып, чирлидинг, сурет, театрмен шұғылдандым. Сонымен қатар волонтерлік қызметті де қатар алып жүрмін, – дейді Жәния.