Баспасөз-қызметі
Павлодардағы NIS-те өткен өңірлік конференцияға Роттердамның Wolfert Tweetalig School серіктес мектебі қосылды
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған «Мұғалімнің кәсіби тәжірибесіндегі зерттеулер: тәжірибе және перспективалар» ІХ аймақтық конференциясында Action research және Lesson study-дің негізгі алгоритмдері талданды.
Дәстүрлі платформа NIS жүйесіндегі ұстаздарды, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ мектеп-интернатының мұғалімдерін, Ертіс тірек мектебі және Павлодар облысының басқа да білім ордаларының педагогтерін біріктірді. Роттердамнан Wolfert Tweetalig School (Нидерланды) серіктес мектебінің өкілдері қосылды.
Павлодардағы NIS директоры Думан Сапаков конференцияның педагогтердің біліктілігін арттыруда ғылыми-зерттеу тәжірибесі үшін маңызыдылығын, сондай-ақ географиясы мен құрамының кеңейгенін атап өтті.
– Конференция барлық мұғалімдер үшін өзекті. Бір мысал келтірейін, біздің мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағытта, сондықтан бірінші тоқсанда математикадан білім сапасы төмен болды. Әріптесіммен бұл мәселені зерттеуді шештік. Lesson study сабақтары тиімді екеніне көз жеткіздік, – дейді Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының мұғалімі Майра Қасыбаева.
– Конференцияға қатысудағы мақсатым география пәнін оқытуда оқушылардың тілдік және пәндік дағдысын жетілдіру болып табылады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бұл пән орыс сыныптарында қазақ тілінде өтеді. Сондықтан пәнді екінші тілде қалай оқыту тиімді деген зерттеуді бастаған болатынмын. CLIL әдісін қолдана отырып, география пәнін зерттедім. Бір жыл бойы 7-сынып оқушыларымен жұмыс жасадым. Нәтижесін көрдім. Мұғалімдер үшін мұндай зерттеулер кәсіби біліктілікті арттыруға, тәжірибесін дамытуға қажет, – дейді Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS мұғалімі Марал Жүнісбаева.
Постер сессиясы барысында 57 АR форматы мен 18 LS форматындағы зерттеу ұсынылып, ең қызықты жұмыстар «Үздік постер» және «Таңдау» номинацияларымен марапатталды.
Қатысушылардың барлығы конференция мұғалімдерді ECER және WALS халыралық ғылыми-практикалық конференцияларына қатысуға дайындалуға және жаңа зерттеулерді жүзеге асыруға ынталандыруға, педагогтердің рефлексивті және әдістемелік мәдениетін арттыруға себеп болды.