Баспасөз-қызметі
Оқыту мен тәрбиелеудегі жаңа тәсілдер мен талаптар талқыланды
NIS педагогтері Түркістан қаласындағы Тамыз конференциясында «Кәсіби оқыту қоғамдастығының дамуы: сапа мен тиімділік» тақырыбында өзара пікір алмасуда. Жауапты жиынның алғашқы тақырыптық алаңында 5 спикер баяндама жасады. Білім саласындағы түйткілдер мен Зияткерлік мектептерде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу, оларға психологиялық көмек көрсету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кеңес барысында Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Ғалия Алжанова NIS-Programme бағдарламасын 3 негізгі фокус арқылы талдап, когнитивті, аффективті және психомоторлы деңгейлердің қатынасына тоқталды. Бұл бойынша Блум таксономиясына сүйенуге болатынын айтты.
«Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының Тәрбие жұмысы департаментінің аға менеджері Гүлдана Сәдуақасова білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеудегі біртұтастылықты сақтаудың негізгі аспектілерін жан-жақты талдады.
Балалардың әл-ауқатын арттыру департаменті директорының орынбасары Күләш Салимбаева оқушылардың өмірін жақсартудың тың тәсілдерімен бөлісіп, ұстаздар қауымын тәрбиелеу процесіне ерекше мән беруге шақырды. Сондай-ақ білім алушылар арасындағы буллингке жол бермеу үшін Финляндияда сынақтан өтіп, сыныптағы бұзақылықты толығымен жоя алатын KiVa әдісінің Зияткерлік мектептерге енгізудің маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар бағалау арқылы оқушыларды академиялық жетістіктерге жетуге ынталандыру мәселесі де тақырыптық алаңда сөз болды. NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Лейла Тұрсынова конференция қатысушыларына зияткерлердің үлгерімін арттыру бағытында нақты шараларды ұсынды.
Тақырыптық алаңды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Цифрлық технологиялар бойынша директоры Нұрсұлтан Дюсебаев қорытындылады. Ол өз баяндамасында адаптивті оқытуды енгізудің маңызын атап өтті. Баяндама барысында Beyim және Canvas платформаларының таныстырылымын жасады. Білім беру саласын жүйелеу мен цифрландыруға арналған жүйелер сабақты мазмұнды әрі жүйелі өткізуге септігін тигізеді. Цифрлық жүйенің тағы бір ерекшелігі – оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсартады. Платформалар оқытудың жекелеген тәсілдері мен интерактивті тапсырмаларды, прогресті бақылау құралдарын да бір арнаға тоғыстырады.
Конференция аясында тағы екі тәжірибелік талқылаулар өткізіледі. Қатысушылар практикалық алаңдарда нақты кейстерді талқылайды.