Баспасөз-қызметі
Оқушыларды бағалау мен психология қолдау мәселелері талқыланды
Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің онлайн форматта өтіп жатқан тамыз кеңесінің екінші күні. Педагогтер 4 тәжірибелік алаңда біліктіліктерін арттырып, өзара пікір алмасуда. Сонымен бірге NIS жүйесіндегі маңызды мәселелерді талқылап жатыр.
Сессиялар аясында оқушылардың үлгерімін арттыруда бағалау жүйесінің дұрыс жолға қойылуы қызу талқыға түсуде. Педагогиклық өлшеулер орталығы бағалаудың тек зияткерлердің академиялық үлгеріміне ғана емес, мұғалімдердің кәсіби дамуына да әсері жоғары деп санайды. Өйткені оқушыларды дәстүрлі салыстырмалы бағалау жүйесі дұрыс емес. Әрбір оқушының қарым-қабілеті мен тапсырманы орындау деңгейі жеке-жеке қарастырылуы тиіс.
Орталық мамандары қазір 11 пән бойынша бағалау жүйесін ұйымдастырудың тың тәсілдерін ұстаздар қауымына түсіндіруде.
Ал екінші тәжірибелік алаң «Психологиялық бағдарламалар тәжірибесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» тақырыбымен өтуде. Мұнда 130-дан аса психолог өзара пікір алмасты.
Аталмыш сессияның алғашқы бөлімінде Зияткерлік мектептердің 7 және 8 сынып оқушыларына арналған «Өз қалпыңда өзгелермен өмір сүр» элективті курсын жоспарлау тәсілдеріне, құрылымына, құралдарына арналды.
Балалардың игілігі департаменті директорының орынбасары Күләш Сәлімбаеваның айтуынша, бұл курстың мақсаты – оқушылардың өзін-өзі тану, өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіру, есею мен жауапкершілігін арттыру, өзін-өзі қабылдау қабілетін дамыту екенін атап өтті. Сонымен бірге оқушылар бойында қарым-қатынас жасауда тұрақтылық қасиеттерін дамытады.
Мұнан соң Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің педагог-психологі Әсем Оспанова «Мықты отбасы» бағдарламасы туралы айтып, жобаны іске асырудағы тәжірибесімен бөлісті.