Баспасөз-қызметі
Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда мектептің рөлі зор
Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында өтіп жатқан тамыз кеңесінің екінші алаңы оқушыларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мен оларды қоғамға қызмет етуге үйретудің тиімді тәсілдеріне арналды. Онлайн форматтағы тәжірибелік алаңға еліміздің барлық өңіріндегі Зияткерлік мектептердің 700-ге жуық педагогі қатысуда. Олардың қатарында ұйымдастырушы-кураторлар, тәрбиешілер, педагог-кітапханашылар да бар.
Онлайн жиынға модераторлық еткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Тәрбие жұмысы департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ мектеп әкімшілігі ата-аналар мен оқушыларға жазғы әлеуметтік тәжірибе мен қоғамға қызмет ету, CAS бағдарламаларының маңызын жете түсіндіруі тиіс деді. Себебі оқушылардың бойына ізгілік қасиеттерді сіңіруде мектептің рөлі зор.
Мұнан соң жазғы әлеуметтік тәжірибе жұмысының маңызы туралы сөз алған аталмыш департаменттің аға менеджері Лунара Ермешева бірқатар түйткілдерге тоқталды. Сонымен бірге Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибе жұмысының жаңарған форматын ұсынды.
– Әлеуметтік тәжірибеге қатысу зияткерлердің бойында шынайы өмірлік жағдайларға дайын болуға үйретеді. Осыны ата-аналарға түсіндіру механизмдерін әзірлеуіміз керек. 7-сынып оқушылары тарапынан жобаға қызығушылық басым, - деді ол.
Ал Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мағрипа Алтайбекова тәрбие процесіндегі заманауи тәсілдер турасында өз баяндамасын жасап, «Қоғамға қызмет» жобасы – волонтерліктің бастауы екенін айтты.
Тәжірбиелік алаңға қатысушылар бірауыздан шәкірттер бойында материалдық құндылықтардан бұрын, рухани құндылықтарды сіңіруге басымдық беру керектігін айтты.