Баспасөз-қызметі
Отандық және әлемдік сарапшылар сабақты зерттеудің басты басымдықтарын айқындады
Отандық және әлемдік сарапшылар сабақты зерттеудің басты басымдықтарын айқындады
Елордада білім саласының сарапшылары мен шетелдік ғалымдар жапондық «Lesson Study» технологиясының тиімді тұстары мен алдағы перспективаларды талқылады.
Бүгін NIS Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Сабақты зерттеу: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» атты І ұлттық конференция өтті. Ауқымды шараға ҚР оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Азияда білім беру жаһандық комиссиясының комиссары Күләш Шәмшидинова, Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының Президенті Кэтрин Льюис (АҚШ), білім саласының сарапшылары, шетелдік ғалымдар мен еліміздің барлық өңірінен 500-ден аса педагог қатысты. Білім саласының өкілдері елімізде 2012 жылдан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқан «Lesson Study» әдісінің тиімді тұстарын талдап, жеткен жетістіктерді таразылады.
Аталған әдіс бірнеше мұғалімнің сабақты бірлесе дайындап, әрбір оқушының қарым-қабілетіне, сұранасына сай білім беруге бағытталған. Сонымен бірге педагогтер оқытудың арнайы әдістемелерін әзірлеп, зерттеу барысында үйренген тың тәсілдерін коучинг, демонстрациялық сабақтар негізінде бір-біріне үйрете алады.
Бүгінде республикамыздың барлық мектебінде осы технологияны үйрететін жаттықтырушылар штабы құрылған. Бұл жөнінде NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин конференцияның салтанатты ашылуында айтты.
– Бүгінгі Конференция – қазақстандық мұғалімдердің сыныптық тәжірибелерді зерттеу қажеттілігін түсінгенінің дәлелі. Бұндай нәтижеге қол жеткізу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы ұзақ жылдар еңбек етіп, жүйелі жұмыстарды жасағанын баса айтуымыз керек, – деді.
Айта кетейік, NIS 2015 жылы Lesson Studyтәсілін мектептерде енгізу мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстары үшін Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының (WALS) сарапшылық кеңесінемүше болып, ресми түрде мойындалған. Осылайша Қазақстан халықаралық ғалымдар және сарапшылармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, «Lesson Study» әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алған.
Конференцияның ашылуында сөз алған профессор Күләш Шәмшидинова канадалық профессор Майкл Фулланның «жаңашыл педагог үшін зерттеу маңызды» деген сөзін негізге алып, әдістің тиімді тұстарына тоқталды.
– Lesson Study – өз тәжірибеңді жетілдіру мақсатында зерттеу жүргізіп, ұстаздардың бірлесе жұмыс істеуіне арналған методика. Өз кезегінде бұл командалық рухты көтереді. Lesson Study-дің ең басты ерекшелігі – оның балаларға бағытталуында, яғни кез-келген мұғалім әр оқушымен жеке жұмыс істей алады, – деді ол.
Ұлттық конференцияда Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының Президенті Кэтрин Льюис онлайн байланыста болып, еліміздің аталмыш технологияны енгізудегі жетістіктеріне ерекше тоқталды. Ол қазақстандық мұғалімдердің әлем мойындаған методиканы аз уақытта меңгеріп, өндіріске енгізіп жатқанын айтты.
– Сабақты зерттеу – бұл күрделі процесс, ол бізден мазмұнды терең зерделеуді, әріптестермен жұмыс істеуді, оқушылардың қалай оқитынын мұқият қадағалауды, қиындықтарды жеңуді, кейде біздің ескі оқыту әдістерімізді өзгертуді талап етеді.Сонымен бірге бәріміздің бірге кәсіби білім берудің базасын құрып жатқанымызды айғақтайды. Бұлмектептерде мұғалімдердің «менің оқушым» немесе «сенің оқушың» деген түсінікті ұмытып,оқушылардың біліміне жауапкершіліктің ортақекенін еске салады, – деді.
Конференцияға шетелдік эксперттер де қатысты. Олардың қатарында Жапонияның 10-нан аса бастауыш және орта мектептің даму жөніндегі кеңесшісі Тошиа Чичибу, Малайзиядағы мұғалімдерді даярлау институтының аға оқытушысы Хасна Абдула және Шотландияның Бэйзел Петерсон колледжінің зерттеушісі Роберт Дуглас Сим бар. Шетелдік және отандық сарапшылар оқыту саласындағы озық технологиялар мен әлемдік трендтер, сондай-ақ «Lesson Study» жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Шотландиялық зерттеуші Роберт Дуглас Сим өз баяндамасында «Lesson Study» тәсілін мемлекеттік деңгейде қолдау қажет екенін айтса, Ұлттық білім беру саясаты институтының аға зерттеушісі Тошиа Чичибу «Қазақстандағы Сабақты зерттеу: нәтижелер» атты баяндамасында еліміздің барлық мектебінде бұл әдіс кеңінен қолданылып жатқанын айтты.
– Жапонияда осы әдіс ұзақ жылдан бері енгізіліп келді. Тіпті, бұл үшін 100 жыл уақыт жұмсалды деуге болады, ал қазақстандық мұғалімдер тез-ақ меңгеріп жатыр. Бұл осы әдіс-тәсілге қызығушылықтың жоғары екенін байқатады. Бүгінгі конференция да осының көрсеткіші, – деді ол.
Конференция аясында панельдік сессия, секциялық отырыстар, «Сабақты зерттеу мектеп мәдениетін қалай өзгертеді» тақырыбында симпозиумдар ұйымдастырылды. Шара аясында келушілер назарына ұсынылған постерлер байқауында алматылық мұғалім Айзада Нусупованың жұмысы үздік деп танылды.
Айта кетейік, еліміз бойынша сабақты зерттеу тәсілін мектептерге енгізу мен нәтижелі жұмыстар үшін Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының сараптамалық кеңесімен келержылы Астанада WALS-2024 халықаралық конференциясы өтеді. Бүгінгі Ұлттық конференциясол халықаралық шараға дайындықтың бастамасы.