Баспасөз-қызметі
Қостанайдағы NIS-тің «HardChord» ансамблі «Dubai Music Festival»-дің күмісін еншіледі
Қостанайдағы Зияткерлік мектептің «HardChord» вокалды-аспапты ансамблі «Dubai Music Festival» халықаралық байқау-фестивалінде екінші орынды иеленді.
NIS-тің жас музыкантары «Аспаптық өнер» номинациясында «Устал металл» композициясын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Байқау қатысушыларының өнерін кәсіпқойлар, профессорлар, шетелдің жетекші университеттері мен шығармашылық мектептерінің оқытушыларынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады. Сахнада Қазақстан, Өзбекстан, Катар, Кувейт, БАӘ, Үндістан және Ресейден келген жас талантар өз өнерлерін паш етті.
– Дубайда өткен байқауға қатысу ансамбліміздің дамуындағы жаңа кезең болғаны сөзсіз. Эксклюзивті тәжірибе, оны басқаша атай алмаймын. Осындай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын, бірақ бұл топ құрамындағы соңғы сапарым болса керек, өйткені менің оқуымды бітіруіме санаулы апталар қалды, сондықтан оқушыларға тек сәттілік тілеймін, – дейді ансамбль солисі, 12-сынып оқушысы Богдан Ищенко.
Қостанайдағы NIS қабырғасында алты жыл бұрын құрылған «HardChord» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында 60-тан астам бала өнер көрсетеді. Оқушыларға музыканың ерекшеліктерін меңгеруге көркемдік жетекші Болат Сейітмұратов көмектеседі.