Баспасөз-қызметі
Орал қаласындағы NIS: Ең кішкентай достарға арналған ағылшын сабақтары
Орал қаласындағы NIS зияткерлерінің «Оқушылар сарайы» шәкірттеріне арналған ағылшын тілінен арнайы сабақтар сериясы аяқталды. «Он жылдыққа: он игі іс» мерейтойлық акциясы аясында олар өздерін мұғалім ретінде сынап көрді. Болашақ түлектер ұстаз болу шеберлік пен шығармашылықты талап ететін мамандық екенін түсінгендерін айтады.
Сабақ оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жаңа оқыту технологияларының элементтерін қолдану арқылы өткізілді. Олар видео арқылы сандарды, түстерді ағылшынша әуенмен айтып еске сақтады.
– Бұл тәжірибеден мен оқыту ісінің салмағын сезіндім. Сабақ барысын мұғалімнің көзқарасынан көру ерекше әсер қалдырды, Бірақ сыныптасым екеуміз сабақ берген дарынды бүлдіршіндердің белсенділігі барлық еңбегімізді ақтады, – дейді 12-сынып оқушысы Бахтияр Есболсын.