Баспасөз-қызметі
Ойын жағдайында жылдам шешім қабылдай білу – волейболдың басты ерекшелігі
Екінші күні көрермендер волейболшы қыздардың допты икемді бағыттауына, дәл соққылары мен тікелей айқын шабуылдарына тәнті болды.
Тікелей эфирді тоғызыншы сынып оқушылары Дәулет Жұмабай, Тамирлан Салжанов пен Аят Жанғали жүргізіп, көрермендерге спартакиада атмосферасын барынша сездіруге тырысты.
Өскемен мен елордадағы физика-математика бағытындағы NIS командалары арасында өткен алғашқы ойын қызыққа толы болды. Волейболшы қыздар бар күштерін салды. Ойын Астана құрамасының жеңісімен аяқталды.
Турнир кестесіне сәйкес, екінші жарыста Ақтау командасы мен астанадағы халықаралық бакалавриат мектебінің өкілдері кездесті. Ойын күрделі әрі тартысты болды, нәтиже – 0:2, елордалық спортшылар оза шапты.
«В» тобында Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS командасы ақтөбелік кұрамамен ойнап, екі жақтың спортшылары да есе жібермеуге барын салды. Оңтүстiк астананың волейболшылары қарқынынан қалыспай, шебер ойын көрсетіп, ақтөбеліктерді 2:0 есебімен ұтты.
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп пен Қызылорда қаласындағы NIS командалары арасындағы жарыста оңтүстік астананың спортшылары табысты ойын көрсетті.
Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің жаттықтырушысы Назым Мамиева ойын жағдайында шапшаң қимыл жасап, күрделі жағдаятты жылдам шешу волейболдың басты ерекшелігі екенін атап өтті:
– Біздің волейболшы қыздар тамаша өнер көрсетіп, мектебіміздің намысын қорғауда. Алда матчты талдау жұмыстары мен финал тұр.
Спартакиаданың екінші күні әр команда лайықты ойын көрсетіп, жартылай финалға тек мықтылар шықты. Спортшыларға жанкүйерлер де көмектесті, олар командаларға дем беріп, қызу қолдау білдірді.
Көшбасшылар қатарына екі алматылық команда, елордадағы физика-математика бағытындағы NIS және Өскемен құрамасы кірді.