Баспасөз-қызметі
Ойстейн Кристиансен: өзіңді танудың ең қарапайым жолы – сурет салу
Елордадағы Халықаралық мектепте танымал литвалық психиатр Дарюс Радкявичюс пен норвегиялық Nick Jr Asia телеарнасының суретшісі Ойстейн Кристиансен педагогтер мен психологтер үшін «Жасөспірімдердің эмоционалды жарақатымен жұмыс істеудегі арт-терапия» атты біліктілікті арттыру курсын өткізді.
Бес күн бойы дүниежүзіне танылған сурет өнерінің хас шебері Ойстейн Кристиансен мен әлемдік білім берудегі жетекші сарапшылардың бірі, литвалық психиатр Дарюс Радкявичюс педагогтер үшін бес сессия өткізді. Олар позитивті әлеуметтік өзара қарым-қатынас құру мен оқушылар арасында булингтің алдын алудың техникалары мен стратегияларын көрсетті. NIS мұғалімдері мен психологтері теориялық және практикалық жаттығулар арқылы балалар психологиясын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
– Мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұғалімдерге терапия мен шығармашылықты өнер арқылы қолдануды түсіндіру мақсатында көптеген тренинг өткіземін. Менің ойымша, адамға өмірде 3 нәрсе керек: тіл үйрену, математика және бейнелеу өнері. Сурет салу және шығармашылықпен айналысу эмоцияларға байланысты. Олар сіздің ақыл-ойыңыздың қалай жұмыс істейтіні туралы айтады. Арт-терапияның пайдасы зор, себебі жасөспірімдер өздерінің шынайы сезімдеріне назар аударып, оларды шығармашылық арқылы сыртқа шығаруға тырысады, – деді Ойстейн Кристиансен.
Doodle және Squiggle техникасының көмегімен қатысушылар жағымсыз эмоцияларды тану және оларды басқару психологиясымен танысты. Келесі сессияларда психологтер эмоционалды интеллект саласындағы білімдері мен дағдыларын арттырды.
– Біз арт-терапия принциптерін түрлі қабаттарға бөлдік. Бұл – музыка, шығармашылық, физикалық белсенділік және сторителлинг. Арт-терапияның барлық компоненті мектеп пәндерінен тұрады. Мұндағы айырмашылық – мектепте сурет салу мен ән айтудың ережелері болса, арт-терапияда қағида жоқ, сондықтан бұл психика үшін өте пайдалы, – деп атап өтті Дарюс Радкявичюс.
Топтық сессияларда тәрбиешілер мен психологттер үйренген техникалары мен жаттығуларды NIS жүйесіне енгізу бойынша жоспарлары және идеяларын ортаға салды.