Әнуар Жанғозин: Педагогикалық ортақ құндылықтар – кәсіби құзіретті дамытудың негізі

Бүгін елордада педагогикалық білім беру тұжырымдамасы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, жаңа дәуір ұстаздарын даярлау және оқу-ағарту саласындағы өзге де өзекті міндеттер «Адами капиталдың дамуы – еліміздің экономикалық өсуінің негізі ретінде» атты Жоғары білім және ғылым форумында жан-жақты талданды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин секциялық отырыста заманауи педагогке қойылатын кәсіби талаптар тақырыбын көтеріп, білім беру жүйесіне сай мұғалімдерді оқыту мен олардың құзіреттелігін арттыру – күн тәртібінде тұрған басты басымдық екенін ерекше атап өтті:

– Зияткерлік мектептер мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен «Педагог» стандарты жобасына сәйкес сапалы білім алу, тиімді тәжірибе алмасу және кәсіби өсуді жүзеге асыруда мұғалімдер арасында ортақ құндылықтардың болу шарт. Бұл ұстаздар үшін кәсіби қауымдастықтың керек екенін айқындайды. Педагогтердің тек білімін жетілдірумен шектелмей, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуының маңызы зор.

Сондай-ақ Әнуар Жанғозин NIS Педагогикалық шеберлік орталығының үздік халықаралық тәжірибеге сүйенген мұғалімдерді дайындауға арналған төл бағдарламасын таныстырды.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дархан Біләлов, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, «Teach for Kazakhstan» жобасының басшысы Гүлнар Салменова және білім беру саласының сарапшылары мен топ-менеджерлері өз баяндамаларын ұсынды. Шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай модераторлық етті.

Ауқымды форум Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастырумен Назарбаев Университетінде өтіп, гибридті форматта 150-ге жуық қатысушыны біріктірді.