Баспасөз-қызметі
NIS қызметкері «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды
Ғылым қызметкерлерінің күніне орай NIS-тің Педагогикалық өлшеулер орталығы филиалының қызметкері Қаныш Бибеков Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапатына ие болды.
Қаныш Тлеужанұлы 2014 жылдан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық өлшеулер орталығы» филиалында жұмыс істейді. Сертификатталған эксперт ретінде Қазақстан Республикасы педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарын бағалау, NIS педагогтерін аттестациялау бойынша тәуелсіз бағалауды жүзеге асырып келеді. Сонымен бірге ұйымның жүйелік-әдістемелік кешенін жасау бойынша педагогтердің жұмыстарын сараптайды. «Педагог-шебер» біліктілік санатын тағайындау үшін жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерін аттестаттау жөніндегі сараптамалық кеңестің жұмысына да тұрақты қатысады.
Мұнан бөлек, еліміздегі жаңғыртылған білім мазмұнын енгізуде критериалды бағалауды қолдану мен сабақты жоспарлау бойынша әдістемелік материалдарды әзірлеу және оқыту семинарларын өткізеді. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің кәсіби дамуына септігін тигізіп отыр.
Бағалаушы эксперттердің кәсіби дағдыларын дамытуға да тимлидер ретінде қолдау көрсетеді. Оның еңбектері педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының нәтижесін бағала кезінде тест қолдану, қазақ тіл білімінің морфология, стилистика, семантика салаларының өзекті мәселелеріне арналған. Сонымен бірге бағалау бойынша халықаралық конференцияларда баяндамалар жасап, мақалалары жарияланған. Екі оқу құралы, екі монография, екі жүзге тарта мақаласы жарық көрген.
– Назарбаев Зияткерлік мектептерінде әлемдік және отандық бағдарламалар сынақтан өтіп, озық тәжірибелер таратылады. Шындығында осындай марапатқа ұйымның әрбір қызметкері лайық. Министрліктің қызметкерімізді осындай жоғары наградамен марапттауы ұйымға, ұйым қызметіне беріліп отырған оң баға деп білемін. Алдағы уақытта да отандық оқу-ағарту саласында зерттеулермен, ғылыми еңбектермен айналысуға барлықтарыңызды шақырамын, - деді төсбелгіні тапсыру кезінде Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов.
Ал бедел биігінен көрінген Қаныш Бибеков жоғары марапат үшін министрлік пен ұйымға алғысын білдірді.
– Бұл медаль – біздің барлық әріптестеріміздің ортақ марапаты. Біздің әлсіз тұсымыз – өзіміз істеп жатқан жұмысты жоғары бағаламайтындығымызда, атқарып жатқан жұмысымыздың қадірін білмей жатамыз. Бірақ біздің күн сайынғы жұмысымыз ғылыммен тікелей байланысты. Сондықтан зерттеу обьектісін басқа жақтан емес, өз жұмысымыздан іздеген жөн. Бағалау саласында үлкен еңбектер мен терең зерттеу жүргізуге болады, – деді ол.
«Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі іргелі және қолданбалы зерттеулер саласында нәтижелі жұмыс пен отандық ғылым мен техниканы әлемдік деңгейге шығаруға атсалысқан ғалымдарға беріледі.