NIS тренерлері ауылдық мектептердің жас мұғалімдеріне тәжірибелік сабақтар өткізді

Ауылдық мектептердегі жас мұғалімдерге арналған форумда NIS тренерлері тәжірибелік сабақтар өткізді

Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен өтіп жатқан ауыл мектептерінің жас мұғалімдеріне арналған форум аясында 4 тәжірибелік сабақ өтті.

Тақырыптық алаңдарда мұғалімдер білім берудегі басты мәселелерді талқылап, оларды бірлесе шешуге тырысты. Жас ұстаздарға Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының тиімді жоспарлау және оқу мен оқытуды бағалау, функционалды сауаттылықты арттыру, мұғалім жұмысын зерттеу мен эмоцияны басқара білу сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренингтер ұсынылды.

Мұғалімдердің білімі мен білігін арттыруға арналған дәрістер теория мен практикалық форматта өтті. Функционалды сауаттылық бойынша тақырыптық алаңда Қарағандыдағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Қаламқас Абдикаримова жас ұстаздарға оқушылардың сабақ барысында үйренген дағдыларын өмірде қолдануға үйрету қатысты өзінің тәжірибесімен бөлісті. Қатысушыларға креативті ойлау, математика және оқу сауаттылығын қалыптастырудың тың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Жас педагогтер тапсырма ретінде функционалдық сауаттылық анықтамасын жазып, өзара пікір алмасты.

Ал оқу мен оқытуды бағалауға қатысты сабақта ауыл мұғалімдері 5 бағыт бойынша біліктіліктерін арттырды. Орал қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Лилия Абакиева өзінің көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, тәжірибелік алаңда бағалау жүйесіне ерекше тоқталды. Жас мамандарды оқушыларды салтырмалы бағалаудың тиімсіз тұстарын жан-жақты түсіндірді.

«Мұғалім жұмысындағы зерттеу» атты тақырыптық алаңда сабақты зерттеудің маңыздылығы, оның процестері мен педагог жұмысындағы зерттеу дағдыларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Топтық жұмыста мұғалімдер өз мектептеріндегі сабақты зерттеу жөнінде өз идеяларымен, тәжірибелерімен бөлісті.

«Өз эмоциямызды басқарып үйренейік» практикалық алаңында мұғалімдердің эмоционалды мәдениеті, балалармен жұмыс істеуде жалпы эмоцияларды тану, көру мен соған сәйкес жұмыс істеуге қатысты мәселелер талданды. Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Қызжібек Абдраманова эмоциялар мұғалім жұмысындағы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оқушылар санасында мұғалімнің алғашқы эмоциялары есте қалатындықтан бұл баланың ойлау қабілетінің дамуына әсер етеді.