Баспасөз-қызметі
NIS-тің үздік экологиялық жобасы БҰҰ Даму бағдарламасында таныстырылды
Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының экологиялық білім беру мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстел қатысушыларына NIS-тің үздік экологиялық жобалары ұсынылды.
Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының білім басқармалары мен бөлімдерінің мамандары, тәжірибелік мектептердің 40-тан астам өкілі оқушыларға үздіксіз экологиялық білім беру мен экологиялық мәдениет жүйесін жетілдіру жолдарын талқылады.
Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова NIS-тің экологиялық басымдықтарына талдау жасады, дөңгелек үстел қатысушылары HUB және мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарымен танысты, оқушылар және ұстаздармен кездесті.
Оқушылардың экологиялық мәселелерді шешуге қажетті білімдері мен дағдыларын кеңейтуге арналған «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің экологиялық жобалары мен оларды жүзеге асыру жолдары» практикумы жиынның басты оқиғасына айналды.
Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Ғалия Әлжанова өз сөзінде экологиялық білім беру, оның ішінде эковолонтерлік және экобелсенділік NIS-тің даму стратегиясында маңызды орын алатынын атап көрсетті.
NIS халықаралық бакалавриат мектебіндегі экологиялық клуб мүшелері қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру бойынша өз тәжірибелерін бөлісті.
Кездесу қатысушыларының барлығы Зияткерлік мектептермен белсенді ынтымақтастыққа дайын екендерін және экологиялық жобаларға қатысуға ниеттерін білдірді.
Дөңгелек үстел барысында БҰҰДБ жобалары аясында әзірленген «Орман экожүйелерінің биологиялық әртүрлілігі» бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама Алтайдың қазақстандық бөлігін, Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньның, Жетісу Алатауының биоалуантүрлілігін зерттеуге және сақтауға бағытталғандықтан жаратылыстану ғылымдары бойынша мектептегі негізгі пәндерді қисынды түрде толықтырады.