NIS-тің тамыз конференциясы: Мектеп – білім алушылардың қоғамдастығы

Тамыз конференциясының соңғы күні Зияткерлік мектептердің топ-менеджерлері үшін тәжірибелік алаңмен жалғасты.

Дәстүрлі конференцияның «Мектеп менеджменті: жағдайды талдау және шешу жолдарын қарастыру» тақырыбындағы сессиясында әр мектеп басшысы 2023-2024 жылдарға арналған оқу процесін ұйымдастырудың түрлі нұсқаларын ұсынды. Практикалық жұмыс барысында қатысушылар тамыз кеңесі секілді іс-шаралар тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа идеялар мен шабыт әкелетінін атап өтті.

Педагогтердің игілігі департаментінің сессиясы «Мектептің кәсіби оқыту қоғамдастығы: әдістемелік жұмысты қайта құрылымдау» тақырыбына арналып, мұғалімдерді аттестаттау мен процедурасыз аттестаттау кезеңдерін қарастырды.

Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің педагог-психологы Жанат Аманова «Мектептегі кейс менеджмент: оқушыларға қолдау жасауды бірлесіп жоспарлау» тақырыбындағы үздік тәжірибесімен бөлісті. Спикер кейс-менеджмент, оның стандарттары мен маңызына тоқталды.

Сондай-ақ педагогтер практикалық сабаққа қатысып, оқушылардың әлеуметтік әл-ауқатының факторы ретінде мектеп қауымдастығын нығайту мәселесін көтерді. Спикерлер салауатты өмір салтын насихаттайтын білім ордаларында оқушылар жеке және әлеуметтік дағдыларды игеруде жоғары нәтижелерге қол жеткізетінін айтты.