Баспасөз-қызметі
NIS-тің тамыз кеңесі: білім беру саласындағы инновациялар
Тамыз кеңесі аясында Beyim және Canvas платформаларының таныстырылымы өтті. Білім беру саласын жүйелеу мен цифрландыруға арналған жүйелер практикалық онлайн алаңда кеңінен талқыланды.
Сессияның бас спикері Білім беру бағдарламалары орталығының цифрлық білім беру контенті саласындағы сарапшысы Бекзат Әбдіқадыр қатысушылармен аталмыш платформаларды пайдаланудың тәсілдерімен бөлісті. Ол өз баяндамасында цифрлық жүйенің оқу процессін жеңілдетіп, мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынас жасауына мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Ең бастысы платформалар оқытудың жекелеген тәсілдері мен интерактивті тапсырмалар, прогресті бақылау құралдарын бір арнаға тоғыстырады.
Bеyim және Canvas платформаларын химия, физика, биология және математика пәндерінде қолдануға ерекше назар аударылды.
Соңында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды, сондай-ақ платформаларды пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
Ал тәжірибені тарату бойынша онлайн форматта өткен практикалық алаң «Кәсіби біліктілікпен бөлісу: шеберлікті және педагогикалық тәжірибені тарату арқылы меңгеру» тақырыбы аясында өтті. Тәжірибені тарату департаменті директорының орынбасары Жанна Байғаринова өз сөзінде тәжірибені тарату Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі миссиясы екенін айтты.
Онлайн жиын барысында Padlet интерактивті тақтасы туралы да кеңінен талқыланды. Бұл үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу, тәжірибені отандық білім беру жүйесіне бейімдеу мен таратуға бағытталған бағдарламаның бірі. Оның көмегімен сессия қатысушылары бір-бірін жақсы біліп, үздік әзірлемелерді жеткізді.
Айта кетейік, осыған ұқсас құрал ауыл мектептерінің оқыту жүйесіне де енгізіледі. Өйткені педагогикалық тәжірибені тарату әдістемелік жұмыстың ажырамас бөлігі саналады.
Кәсіби тәжірибені тарату кез-келген салада қызмет атқаратын маман үшін міндетті. Ал педагогтер үшін бұл кәсіби құзыреттілік пен лауазымына сәйкестігінің көрсеткіші десек те болады.