NIS-тің үш жобасы «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауында үздік деп танылды

Зияткерлік мектептер ұсынған үш жоба «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауында үздік деп танылды. Бұл – елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те әзірленген «Umai», Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінде жасақталған «Қазақстан тарихы бойынша визуалды новелла» және ежелгі Сығанақ қалашығының реконструкциясына арналған қызылордалық жоба.

«Бизнес» номинациясында жеңіс тұғырынан көрінген «Umai» жобасын Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS командасы жасады. Авторлардың бірі Уәлихан Рахымжанов жаңа биотехнологиялардың артында аграрлық сектордың болашағы тұрғанына сенімді, сондықтан «Umai» мобильді модульдік гидропоникалық фермаларды дамытуға бағытталған. Оқушылар қаражатты гидропонды ферманың модернизациясына, өсімдіктерді терең түрде қайта өңдеуге және органикалық косметика жасауға қажетті жабдықтарға жұмсайтынын жеткізді.

Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тен Диана Асқарова «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Ғылыми жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Мақпал Мұқановамен бірге Диана «Қазақстан тарихы бойынша көрнекі новелла» ойын қосымшасын жасады.

– Біз жобаны бір жыл ішінде әзірледік. Ол көптеген функцияларды қамтиды және пайдаланушыларға өз елінің тарихын қызықты ойын арқылы зерттеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Мақпал Мұқанова.

Қызылордалық Дина Жанұзақова өз жобасын еліміздің бірегей тарихи көрікті жерлерінің бірі – Сығанақ қалашығын 3D форматта реконструкциялауға арнады:

– Бұл цифрлық жоба оқушылардың Қазақстанның мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Аталған жобалар 3 миллион теңге көлемінде жастар гранттарына ие болды.