Баспасөз-қызметі
NIS-тің кәсіптік бағдар берушілері Оңтүстік Кореяның үздік университеттеріне барды
2012–2022 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 229 түлегі Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарын таңдаған. NIS-тің кәсіптік бағдар беру бойынша кеңесшілері кампус-тур барысында Кореяға деген қызығушылықтың не себепті артып жатқанын анықтады.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандары 7 университетке, ондағы зертханалар мен студенттік резиденцияларға барып, қабылдау комиссияларымен байланыс орнатты, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның жас ғалымдар мен болашақ көшбасшыларға ұсынатын мүмкіндіктерімен танысты.
Жоғары оқу орындары өзіндік ерекшеліктерге ие. Мысалы, Korea University 1905 жылы құрылған және елдегі ең көне оқу орындарының бірі болып табылады. Атақты түлектердің қатарында Оңтүстік Кореяның оныншы президенті Ли Мён Бак және Сеулдің отыз төртінші мэрі О Се Хун бар.
Korea Advanced Institute of Science & Technology (KAIST) – Оңтүстік Кореяның жетекші зерттеу институты. Жоғары оқу орны пәнаралық зерттеулер мен инновацияларға ерекше назар аударады, сондай-ақ жасанды интеллект бойынша білім беруде алдыңғы қатарда тұр. Инситутты қабылдау комиссиясының директоры Su-yeon Ahn және Павлодардағы NIS пен Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің түлектері Даниил Мельниченко мен Ұлжалгас Рахман таныстырды.
– Бүгінде Зияткерлік мектептердің 31 түлегі KAIST стипендиясының иегері атанды. Биыл 120 грант бөлінеді, – дейді Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тің кәсіптік бағдар берушісі Жаннұр Саидмұратова.
– Оңтүстік Корея сапары маған Сеул университетіне баруға мүмкіндік берді. Бұл жоғары оқу орны инженерия, ақпараттық технологиялар, ғылым және өнер саласындағы озық бағдарламаларымен танымал. Сонымен бірге грантқа түсе алмай, бірақ оқу барысында жоғары академиялық нәтижелер көрсетіп, корей тілін қажетті деңгейде меңгерсеңіз, бүкіл оқу кезеңіне 100% жеңілдік аласыз, – деп атап өтті Атырау қаласының Зияткерлік мектептің кәсіптік бағдар берушісі Эльмира Нұрғалиева.
NIS қызметкерлері үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды, атап айтқанда кәсіптік бағдар берушілер Samsung инновациялық мұражайына барды.
Іссапар Корея Республикасының Туризм, мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық туристік ұйымы мен Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім беру орталығының қолдауымен жүзеге асты.