Баспасөз-қызметі
NIS-тің бірден тоғыз оқушысы 2023 жылғы IESO-да Қазақстан атынан қатысады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірден тоғыз оқушысы – елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тен Анар Айтбай, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS-тен Қанат Серікбай, Сұңғат Әбдіразақ, Абай Кенжетай, Санжар Нұртай, Ғани Жамбырхан, Қарағандыдағы NIS оқушылары Әсем Дүйсембекова мен Талғат Байбусынов және Қызылордадағы NIS-тен Арайлым Қуандық Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадада (IESO) ел намысын қорғайды. Олар 2023 жылғы IESO-ның республикалық кезеңінде геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен білімдерін сынап, жоғары нәтиже көрсетті.
IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Испания, Бразилия, Жапония, Франция, Таиланд және басқа да елдерде өткізілген білім бәйгесі биыл Италияда қашықтан ұйымдастырылып, тамыз айында ең үздік жас геологты анықтайтын болады.
Қазақстан құрамасы биылғы жылғы IESO-да «Жас геолог» қоры мен Назарбаев Университетінің қолдауымен өнер көрсетеді.