Баспасөз-қызметі
NIS-тің 2023 жылғы басты 10 жетістігі
NIS түлектерінің қоғамдық бірлестігіне – 5 жыл!
Биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірген түлектердің «Alumni NIS» бірлестігі көпбалалы отбасынан шыққан Шәуілдір ауылының оқушысы Әділет Өмірзаховтың Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте білім алуына қаражат жинап берді. Ол кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша 1500 баллдан 938 балл жинап, резервтік тізімге енген.
Бірлестік NIS-ке тест тапсырып, алайда оқуға түспей қалған ауыл балалары арасында ең жоғары ұпай жинаған оқушыға «Өркен» грантын беруді жөн деп тапқан.
Бүгінге дейін NIS-ті 18 694 оқушы бітірген. Олар әлемнің 30-дан аса елінде білім алуда. 2018 жылдан бері «Alumni NIS» бірлестігі түлектер арасындағы байланысты күшейтіп, өзара кәсіби өсуге ықпал етеді.
«SAMGAU», «NIS Challenge», «Fundraising Ball», «Ayaldama», «Beles», «Talim» секілді білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін мәдени шаралар ұйымдастырады.
Сондай-ақ «Alumni NIS» шәкіртақы тағайындау және тағылымдамадан өтуге көмек көрсету арқылы Зияткерлік мектептердің оқушыларына қолдау білдіреді.
NIS ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді Аккредиттеу ғылыми жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру конкурстарына, сондай-ақ ғылыми сыйлықтар мен стипендиялар ұсынатын байқауларға қатысуға мүмкіндік береді.
2023 жылы NIS оқушылары мен ұстаздары 118 патент пен авторлық құқық куәлігін алды.
NIS оқушыларының PISA-2022 халықаралық зерттеулеріндегі нәтижесі
PISA-2022 халықаралық зерттеулерінің нәтижесіне сәйкес, Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығы бойынша орташа балы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі білім алушылардан едәуір жоғары.
Сонымен бірге биыл еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің қатарына енді.
– PISA халықаралық зерттеулерінің қорытындысы жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудің дұрыстығын растап отыр. 2016 жылы Оқу-ағарту министрлігі мен Назарбаев Зияткерлік мектептері бірлесіп, оқу бағдарламаларын жаңартуды, педагогтерді кешенді даярлауды және бағалаудың критериалды жүйесін енгізуді қолға алды. 2022 жылғы PISA-ны алғаш рет жаңартылған оқу бағдарламасын меңгерген оқушылар тапсырды, сондықтан бұл бастаманың алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Айта кетейік, NIS Білім беру бағдарламалары орталығының мамандары ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен жаңартылған оқу бағдарламаларын әзірлеуге белсене қатысты.
Ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсететін ауқымды жобалардың бірі «Online Mektep» порталын жасақтауда NIS педагогтерінің еңбегі зор.
NIS Педагогикалық шеберлік орталығы мен Финляндиядағы EduCluster Finland ассоциациясымен бірігіп «Оқушылардың жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығын, креативті ойлауын дамыту», «Оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, креативті ойлауын дамыту» бағдарламаларын әзірледі.
PISA-2022 нәтижесі өңірлер бөлінісінде Атырау облысы оқушыларының айтарлықтай ілгерілеуін көрсетті. Өсім математикадан 23 балды, оқу сауаттылығынан 34 балды, жаратылыстану бойынша 45 балды құрады. Бұл көрсеткіштер – облыс әкімдігі мен NIS сарапшыларының бірлескен жұмысының жемісі.
Халықаралық IELTS және SAT емтиханынан NIS оқушылары жоғары нәтижеге қол жеткізді
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12-сынып оқушылары арасында IELTS халықаралық емтиханының орташа балы – 6,9
Астана, Алматы және Семей қалаларындағы Зияткерлік мектептердің 6 оқушысы максималды 9 балдан 8,5 жинаған.
Олар:
- Самира Бекаманова (NIS of Ph&M in Astana)
- Руслан Терещеня (NIS of Ph&M in Astana)
- Інжу Қалымбет (NIS IB Astana)
- Зере Мажит (NIS Semey)
- Әсет Нукушев (NIS of Ph&M in Almaty)
- Томирис Салханова (NIS of Ch&B in Almaty) Ал Scholastic Assessment Test (SAT) халықаралық емтиханынан жоғары сынып оқушыларының орташа балы – 1299
Ақтөбедегі NIS оқушысы Данияр Чутенов пен Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептен Айгерім Шақанова SAT емтиханында максималды 1600 балдан 1550 жинады. Сондай-ақ Зияткерлік мектептердің 32 оқушысы математикадан ең жоғары 800 балл алды.
Биыл NIS оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалардан 181 медаль алды 2023 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары 17 халықаралық пәндік олимпиадаға қатысып, 64 медаль еншіледі:
- 17 алтын медаль;
- 23 күміс медаль;
- 24 қола медаль;
Байрақты білім бәйгелерінің тізімінде Жәутіков, Жібек жолы, Азия-Тынық мұхиты, Менделеев, Туймаада, IChO, IPhO, IGeO, IOL, IEO және өзге де беделді олимпиадалар бар.
Зияткерлік мектептердің 11 оқушысы халықаралық пәндік олимпиадаларда ҚР Ұлттық құрамасы атынан қатысты.
Республикалық пәндік олимпиадаларда 117 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер қатарынан көрінді. Сондай-ақ биыл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы алтыншы рет жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын алды.
Оқушыларды республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындау үшін 10 оқу-жаттығу жиыны өтті:
- 7 – «Дарын» орталығы;
- 3 – Назарбаев Зияткерлік мектептері;
NIS бастамашыл болған оқу-жаттығу жиындарына 547 оқушы қатысты.
2023-2024 оқу жылында 22 оқушы Қазақстан Республикасының олимпиадалық резервіне енді. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Оқу-ағарту министрлігі жалпы сомасы 22 миллион теңге ақшалай сыйақы табыстады.
2024 жылы Финляндияда өтетін «Nobel STEM» халықаралық байқауында 3 педагог ел намысын қорғайды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері үшін биыл табысты жыл болды.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS ұстаздары Айжан Омарханова, Шолпан Абишева мен Тараздағы NIS-тен Инна Аксенова «Nobel STEM» ұлттық байқауында жеңіске жетіп, 2024 жылы Финляндияда өтетін халықаралық кезеңде ел намысын қорғайды.
Ал Зияткерлік мектептердің 15 мұғалімі білім беру саласында жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін Ұлыбританияда өткен European Conference on Educational Research (ECER) халықаралық конференциясында таныстырды.
Осы конференцияда Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS мұғалімі Гүлмира Бесенбаеваның зерттеуі «The Best Poster» номинациясын иеленді.
Сондай-ақ Зияткерлік мектептердің үздік 19 педагогі Нидерландта өткен World Association of Lesson Studies (WALS) халықаралық конференциясында жобаларын қорғады.
2023 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2 ұстазы республиканың «Үздік педагогі» атанды: • Зәуре Ділманова – химия пәні мұғалімі (NIS of Ch&B in Almaty) • Борис Зеленов – информатика пәні мұғалімі (NIS Kostanay)
Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 7 мұғалім, шығармашылық конкурста 48 педагог, «Математикалық регата» олимпиадасында 3 ұстаз жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
NIS тәжірибесін тарату
Назарбаев Зияткерлік мектептері білім берудегі инновациялық тәсілдер мен табысты тәжірибелерді таратуды жалғастыруда.
NIS-тің «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Білім беруді тұрақты дамыту» қорымен серіктестікте іске асыратын «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына биыл 79 білім ошағы қосылды. Зияткерлік мектептерде 6080 мұғалім біліктілігін арттырды.
Сондай-ақ 2023 жылғы басты оқиғалардың бірі – «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты Зияткерлік мектептердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Ауқымды шараға 333 ауыл ұстазы қатысты.
Бір жыл ішінде NIS елдегі білім беру ұйымдарының 20 800 басшысы мен мұғалімін оқытты. NIS Педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» бағдарламасын іске қосып, республикадағы 220 педагогті болашақ мектеп басшысы лауазымына дайындады.
Сондай-ақ ПШО елордада «Білім берудегі көшбасшы бағдары» бірінші халықаралық интенсивін, «Lesson Study: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» бірінші Ұлттық конференциясын өткізді. Ал Нидерландыда World Association of Lesson Studies президенті Кэтрин Льюис пен Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова WALS 2024 халықаралық конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Астана посткеңестік кеңістікте алғаш рет сабақты зерттеуге маманданған 50-ден астам елдің өкілдерін қабылдайды.
Әзірбайжан мен Қырғызстаннан келген 50 мұғалім NIS-те біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бағдарлама сабақты жоспарлау, оқыту мен бағалаудың белсенді танымдық процесін ұйымдастыру, рефлексивті оқыту және өз тәжірибесін зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
NIS Орта Азия елдері арасында буллингке қарсы KiVa® бағдарламасын жүзеге асыру құқығына ие болды
Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Финляндиядағы Turku университеті арасындағы стратегиялық серіктестік 2023 жылдың айтулы жетістіктерінің біріне айналды. NIS буллингке қарсы KiVa® бағдарламасын жүзеге асыру құқығын Орта Азия елдері арасында алғаш болып алды.
Turku университетінің буллингке қарсы KiVa® бағдарламасы NIS пен ауыл мектептеріне 2024 жылы енгізіледі. Бүгінде NIS-те бағдарламаны бейімдеу, материалдарды аудару және мамандарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
KiVa®-ның ерекшелігі буллингтің себептері мен салдарын жан-жақты талдауға, оған қатысы бар барлық сыныптарды қамтуға мүмкіндік береді.
Әлемнің 20-дан астам елдің 1200-ге тарта мектебінде енгізілген әдіс өзінің нәтижесімен қуантып отыр. Айталық Эстонияда буллинг құрбандарының саны 21,5%-дан 14,1%-ға азайған.
NIS-тегі қоғамға қызмет ету
2023 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 57 қайырымдылық іс-шара өтті. Олардан шамамен 10 миллион теңге жиналды. Әрбір игі іс – Зияткерлік мектептердің миссиясына арқау болған әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершіліктің айқын көрінісі.
Солардың бірі – Петропавлдағы NIS ұйымдастырған қайырымдылық шоу матчы. Аукционда белгілі қазақстандық боксшылар Бақтияр Артаев пен Жанат Жақияновтың жеке қолтаңбалары бар бокс қолғаптары, «Астана» баскетбол клубының ойыншысы Вадим Щербактың, «Қуаныш» облыстық волейбол командасының, «Astana Qazaqstan Team» велосипед клубының, «Қайрат» Алматы кәсіби футзал клубының, «Қызылжар» футбол клубының спорттық формалары ұсынылды. Қайырымдылық акция нәтижесінде 1 миллион 885 мың теңге жиналды. Түскен қаражаттың барлығы «Сенім» оңалту орталығына аударылды.
Ал Оралдағы Зияткерлік мектеп 6 қайырымдылық шара өткізді. Солардың ішінде қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән-ғұмыр» балынан 1 миллион 852 мың теңге түсті. Қаражат «Малютка» балалар үйіне ойыншықтар, киімдер мен сәбилерге арналған жөргектер сатып алуға, «Хатико» жануарлар үйіне қайырымдылық жасауға, сондай-ақ «Демеу» қорында ем алатын балаларға арналған оңалту жабдықтарын алуға жұмсалды.
Қостанайдағы NIS театрландырылған «Міржақып» қойылымының қайырымдылық көрсетілімін ұйымдастырды. Жиналған ақша мұқтаж отбасылардың балаларына азық-түлік пен киім-кешек алуға берілді.
Сондай-ақ Петропавлдағы Зияткерлік мектептің оқушысы Аслан Гималетдиновтің ерлігі жылдың жарқын естіліктерінің біріне айналды. Ол батып бара жатқан жасөспірімді ажалдан арашалап қалды. Асланға Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін, NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин «Қамқор жүрек» марапатын табыстады.
NIS әрдайым білім беруде жоғары стандарттарды ұстанады
Биыл 6 Зияткерлік мектеп шетелдік білім беру ұйымдары тарапынан жоғары бағаланды.
Ақпанда Астана Халықаралық мектебі алғаш рет Council of International Schools (CIS) аккредитациясын алды. Ал Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS, Астанадағы NIS IB, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы Зияткерлік мектептер CIS аккредитациясынан қайта өтті.
CIS сарапшылары оқушылар мен мұғалімдердің жаһандық азаматтыққа деген адалдығын жоғары бағалап, мектеп миссиясының, педагогтердің табысты және жүйелі кәсіби дамуының, сондай-ақ оқу процесі мен тәрбие жұмысының халықаралық стандарттарға сай екенін атап өтті.
Сондай-ақ елордадағы NIS IB жоғары (DP) және негізгі (MYP) мектептер бағдарламалары бойынша Халықаралық Бакалавриат мектебі мәртебесін растады.
Бұл маңызды оқиғалар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жоғары стандарттарды ұстанып, әлемдік білім беру қауымдастығында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.