Баспасөз-қызметі
NIS-те Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесу өтті
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин кездесу қатысушыларын NIS-тің негізгі бағыттары және алдағы жоспарларымен таныстырды. Жиынға Ақерке Берлібай модераторлық етті.
Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелері Зияткерлік мектептердің даму стратегиясымен бірінші болып танысты.
Алда бірегей NIS-Programme бағдарламасының академиялық мазмұнын жетілдіру, «Қанағаттану индексін» әзірлеу және енгізу жоспарлануда.
Әнуар Жанғозин Зияткерлік мектептердің басты міндеттерінің бірі – балаларға теорияны практикалық идеяларға айналдыруды үйрету екенін атап өтті.
– Оқушылардың математика, информатика және бағдарламалау салаларында 206-дан аса авторлық құқығы, химия, нанотехнология және биология бағыттарында 44 патенті бар. 229 білім алушы инновациялық жобаларды іске асыру үшін гранттар жеңіп алды, – деп Басқарма төрағасы балалардың жетістіктерімен бөлісті.
Іс-шара NIS-тің миссиясын талқыға салған белсенді диалог және пікір алмасу форматында өтті. Сұрақтар мектептегі тамақтану, спорттық даму, мұғалімдерге мотивация беру, қор биржасы, квоталар мен популизм, Зияткерлік мектептерге түсуге дайындайтын орталықтар және басқа да тақырыптарды қамтыды.
Бірқатар қатысушы волонтерлік қызметті дамыту қажеттігі туралы ұсыныс білдіріп, шетелдегі университеттердің тек бағаға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық шаралардағы белсенділігіне да көңіл бөлетінін алға тартты.
– NIS оқушылары арасында волонтерлікпен айналысу кең тараған. Олар ағылшын тілін үйрететін үйірмелер ашты. Техника саласының тек ерлердің ісі емес екенін дәлелдейтін курстар ашқан қыз балалар бар. Халықаралық мектепте волонтерлік қызмет оқу жоспарының міндетті атрибуты болып табылады. Петропавлда церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсету орталығын жалға алу үшін 1,8 млн теңге жиналды, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы 15 жылда жеткен жетістіктерге тоқталып, алда жаңа белестер күтіп тұрғанын сөз етті. Зияткерлік мектептердің стратегиялық мақсаты – оқу-ағарту министрлігімен бірлесе елдегі білім беру жүйесінің деңгейін көтеру.
Кездесу соңында қонақтар Халықаралық мектепке экскурсия жасады.