Баспасөз-қызметі
NIS-те педагогикалық ЖОО-ның өкілдерімен кездесу өтті
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар еліміздегі педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған жол картасын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Жиынға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн түрде қатысып, Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-мен серіктестік пен одан әрі бірлесе жұмыс жасауға ынталы екенін атап өтті:
– Педагог кадрларды даярлау – білім беру жүйесін дамытудағы ең маңызды мәселе. Ол қазіргі демографиялық және көші-қон жағдайында ерекше өзекті және басты орынға шығады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Педагогикалық білім беру тұжырымдамасының жобасын талқылауды ұсынып, ынтымақтастықтың ең өзекті бағыттарын белгіледі.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова орта білім беру жүйесіндегі қазіргі тенденциялар мен заманауи мектепке қандай ұстаздар қажет екендігі туралы айтып өтті.
Кездесуде ғылыми-педагогикалық магистратура бойынша NIS курстары, магистранттарға арналған «Куррикулум дизайны», «Оқу жоспарын жобалау», «Студенттердің оқу жетістіктерін бағалау», «Мұғалім көшбасшылығы» интенсивті курстары ұсынылды.
Жоғары оқу орындарымен одан әрі жұмыс істеу үшін магистранттардың оқу үдерісінде NIS-тің озық тәжірибелері қолданылатын болады.
Жоғары оқу орындарының өкілдері қызықты сауалдар жолдады. Бірлескен талқылаулар барысында барлық тараптар бұл кездесудің нәтижелі болғанына және онда қабылданған шешімдер қазақстандық білім берудің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірді.