Баспасөз-қызметі
NIS-те орта мектеп директорларының «Сабақтас» қауымдастығы құрылды
Елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бастамасымен орта мектеп директорларының «Сабақтас» қоғамдастығы өз жұмысын бастады. Енді Астана мен оған жақын елдімекендердегі орта мектептің директорлары дәстүрлі түрде бас қосып, отандық оқу-ағарту саласындағы өзекті мәселелер мен нақты кейстерді өзара талдайтын болады. Қоғамдастық мүшелері кәсіби сарапшылардың мастер класстарына қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік алады. Игі бастама Зияткерлік мектептердің тәжірибесін тарату үшін жасалып отыр.
Алғашқы кездесу 60-қа жуық мектеп директорының басын қосты. Жиын қатысушылары мектеп қауымдастығын құрудың маңызы және коммьюнити билдинг негізінде коммуникацияны арттыру бойынша зерттеулер мен нақты құралдармен танысты. Жаңаша форматта өткен кездесуде Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектеп қоғамдастығын ортақ мүдде, негізгі миссия негізінде жұмыс істету үшін қауымдастық құрудың маңызына тоқталды. Сонымен бірге ол «басқарушылық жалғыздық» құбылысын жеке дара қарастырып, директорларға ұжымдағы келіспеушілік сияқты факторлардың алдын-алуға арналған тәжірибесімен бөлісті. Төрағаның сөзінше, қауымдастық құру басшы мен қызметкерлер арасындағы байланысты күшейтеді.
– Бүгінде жұмыс процессінің тиімділігін арттырудың негізгі тетігі – кәсіби оқыту қоғамдастығы екенін баса айтқан жөн. Бір-бірімен үнемі байланыс орнатып, ортақ құндылық аясында біріккен ұжым ғана өз оқушыларының үлгерімін көтеріп, оқу процессін жақсартады. Ол үшін қауымдастық ішкі және сыртқы байланыс пен тәжірибелерін жақсартуы тиіс, – деді Әнуар Қанатұлы.
Қауымдастық құрудың бірқатар артықшылықтары туралы жиын қонағы, PR және коммуникациялар саласында сарапшы Әсем Әбдірайымова толығырақ тоқталды. Білікті эксперт қауымдастық құрудың артықшылықтарын табысты адамдар мен компанияларды мысалға келтіре отырып түсіндірді. Мамандардың жұмысқа деген адалдығын, өндірістің алға ілгерілеуін және қаржылық нәтижелерді жақсартудың негізі бір ізге түскен қоғамдастық құруда екенін айтты.
– Кәсіби қауымдастық көбінесе аз уақытта шешуді қажет ететін жалпы міндеттерді түсінуден басталады. Мысалы, салалық бірлестіктер заңнамалық өзгерістерге наразылық білдіру кезінде немесе, керісінше, белгілі бір бастамаларды қабылдау жолында бірге күреседі. Кәсіби қоғамдастықтың міндеттері – саланың жалпы міндеттерін шешу үшін ресурстарды біріктіру, пікір алмасу, саланы дамыту үшін мамандарды бірлесіп даярлау, саланың имиджін нығайту, – деп атап өтті эксперт.
Айта кетейік, жиын барысында келушілерге ұйымға қарасты орталықтардың жұмыстары таныстырылып, білім саласындағы әдістемелік құралдар көрмесі өтті.
Назарбаев Зияткерлік мектептері отандық орта білім саласында брендке айналған білім ұясының жинақталған тәжірибесімен бөлісіп, оқу-ағарту саласында бірегей қауымдастықты дамытуға күш салады. Алдағы уақытта қауымдастықтың ауқымын кеңейтіп, республика деңгейінде ортақ ұйымға айналдыру көзделген.