Баспасөз-қызметі
NIS шағын жинақты мектептерге қолдау білдіруге дайын
NIS шағын жинақты мектептерге қолдау білдіруге дайын
СҚО-дағы мектептердің 80% шағын жинақты. Ал ондағы кадр тапшылығы мен білім сапасын жетілдіруге NIS-тің ауылдарды дамытуға бағытталған жобалары аясында мүмкіндік бар. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Солтүстік Қазақстан облысында депуттармен кездесуінде айтты.
Екі күннен бері аймақта іссапармен жүрген Басқарма төрағасы Мәжіліс депутаттарымен бірге ауылдардағы шағын жинақты білім ошақтарын аралап, қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын азайтуға бағытталған жоспарларымен бөлісті. Әнуар Жанғозин қазір NIS 17 ауыл мектебіне әдістемелік қолдау білдіріп отырғанын жеткізді:
– Облыстағы NIS Уәлиханов ауданындағы №2-ші Кішкенекөл орта мектебіне әдістемелік көмек көрсетеді. Ал білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңартуға «Қазақстан халқына» қорынан қаражат қарастырылған. Биыл жыл соңына дейін бұл жоба аясында республикада жалпы саны 63, ал 2024 жылы 111 мектепке осындай қолдау көрсетіледі. Осылайша 2026 жылға қарай еліміздің барлық аудан орталықтары мен моноқалаларындағы 191 ауылдық және шағын жинақты мектептерге NIS әдістемесі бойынша үздік тәжірибе енгізіледі.
Әнуар Жанғозин мәжілісмендермен бірге Қызылжар, Абай, Архангелка орта мектептерін аралады. Кездесулер барысында ұстаздар мен оқушылар өздерін толғандырған негізгі проблемаларды көтерді. Мәселен, аталған білім ордаларында 289 оқушы білім алады. Олар вокал, домбыра, еркін күрес, робототехника және химия-биологиялық бағыттағы үйірмелерге қатыса алады. Әр сынып заманауи материалдық базамен қамтылған. Мұнда жаңа жиһаз, интерактивті тақталар және басқа да қажетті оқу құралдары бар.
– Үкімет шағын жинақталған мектептер мәселесімен айналысып, проблеманың біразы шешіліп жатыр. Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасы бойынша әрине айырмашылық үлкен. Бірақ, Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ауылдық мектептердің білім сапасы мен Қызылорда, Түркістан немесе Ақтаудағы қала мектептерінің білім сапасын салыстыратын болсақ, осы жердегі ауыл мектептерінің сапасы жоғарырақ. Негізі, біздің Парламент Мәжілісіндегі комитетіміз тиісті заңнамалық түзетулерді дайындап қойды. Бірақ оларды қабылдамас бұрын біз осы көшпелі отырысты өткізіп, мамандармен, жергілікті мұғалімдермен ақылдасып, содан кейін қабылдаймыз деп отырмыз, – деп атап өтті Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.
Ауылдық шағын жинақталған мектептер үшін проблеманың бір шешімі — ұстаздардың сабақтарды жоспарлау мен бағалауды меңгеруі. Бұл ретте аталған қолдауды NIS мектептері көрсетуге дайын. Сонымен бірге педагогтердің біліктілігін көтеріп, оларға бір жыл көлемінде бағыт-бағдар беріп отыратын болады.