NIS елімізде баламасы жоқ цифрлық жобаны ұсынды

Лондонда екі күннен бері өтіп жатқан білім беру технологияларының ең ауқымды Bett Show 2024 көрмесінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы BeyimTech бірегей жобасын ұсынды. Әлемнің 30 000-нан аса сарапшысының басын қосқан жиын тұрақты даму мен ресурстарды үнемді пайдалану мәселелеріне арналды. Білім беру экожүйесін жақсартуға бағытталған BeyimTech Қазақстанда баламасы жоқ цифрлық жоба. Халықаралық көрмеге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ еншілес кәсіпорны BeyimTech екі бірдей Beyim.ai және Beyim Synaq деп аталатын цифрлық өнімдерді таныстырды. Beyim.ai – бұл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының стратегиялық серіктесі Arizona State University-мен бірлесе әзірленген әдіснама бойынша құрылған жасанды интеллект негізіндегі әлеуметтік желі. Оның ерекшелігі ақпаратты ленталық түрде ұсынуында. Мұнда авторлық құралдар мен AI мұғалім, оқытудың жеке траекториясы, оқу аналитикасы сынды қажетті құралдар топтастырылған.
Beyim Synaq – оқушыларға ыңғайлы уақытта, кез-келген жерде отырып сынама тест тапсыруға мүмкіндік беретін сандық өнім. Қолданбада ақысыз және ақылы тест нұсқалары бар. Beyim Synaq – Зияткерлік мектептер базасында белгіленген күні және күндізгі форматта тестілеуден өту қиындық тудыратын өңірлік және ауылдық мектептердің оқушылары үшін тамаша мүмкіндік. – Beyim Tech-тің осы көрмеге қатысудағы мақсаты цифрлық өнімдерді халықаралық білім беру кеңістігіне енгізу, әлеуетті инвесторлар мен пайдаланушыларды іздеу, EdTech саласында ынтымақтастық орнату. Ауқымды шараға қатысу Қазақстанға әлемдік білім беру технологиялары трендінде болуға, еліміздегі білім сапасын арттыруға және әлемдік аренада тәжірибемізді таратуға жағдай жасайды, - деп атап өтті NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин. Сондай-ақ NIS делегациясының Лондонға сапары аясында Ұлыбританияда оқитын және Alumni NIS мүшелерімен кездесу жоспарланған.