NIS Кореяның ежелгі Сонгюнгван университетімен ынтымақтастық орнатты

Бүгін Корея Республикасының астанасы Сеулде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мен Сонгюнгван университетінің (SKKU) Президенті Ю Джи Бом ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Бұл құжат Сонгюнгван университетінің NIS-Programme оқу бағдарламасы мен NIS Grade 12 Certificate сертификатын мойындағанын білдіреді, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің үздік түлектеріне грант бөлуді көздейді.

– Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тек отандық ғана емес, әлемдегі орта білім беру саласын ілгерілетудегі табысты тәжірибесі тамсануға тұрарлық. Қазақстан мен Корея арасындағы бұл ынтымақтасық жаңа мүмкіндіктерді ашатыны сөзсіз, – деп атап өтті Ю Джи Бом.

SKKU – Оңтүстік Кореядағы жекеменшік зерттеу университеті. Сеул және Сувон қалаларында кампусы бар. 1398 жылы негізі қаланған. 2023 жылғы QS World University Rankings рейтингінде 99-орында тұр. Бүгінде білім ордасында 26 000 студент оқиды. Негізгі білім беру бағыты – STEM, экономика және бизнес. Университет түлектері арасында Оңтүстік Кореяның 3 Премьер-Министрі, оның ішінде ел президентінің міндетін атқарған Хван Гё Ан, бірнеше Министр, Ұлттық жиналыс төрағасы мен 5 мүшесі, көрнекті ғалымдар, әлемдік деңгейдегі спортшылар, өнер қайраткерлері бар.

Сондай-ақ жоғары оқу орны атақты Samsung Group компаниясымен серіктестік орнатып, 110 ғылыми жобаны бірлесе басқарады, студенттерге әлемдегі жетекші компаниялардың бірінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин іссапар аясында Корея Республикасының Білім министрлігінің арнайы шақыртуымен «2024 Korea Glocal Education Fair» конференциясында NIS экожүйесін таныстырады. Сонымен қатар Korea Advanced Institute of Science & Technology (KAIST) және Korea University өкілдерімен келіссөздер жүргізу, NIS түлектерімен кездесу жоспарланған.