Баспасөз-қызметі
NIS пен Кембридж арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі
Бүгін Кембридж университетінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдері Аккредиттеу келісімі аясында жылдық есеп берді. Бұл білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен енгізу, мұғалімдерді бағалау, біліктілікті арттыру мәселелері бойынша екі ұйым арасындағы 12 жылдық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Осы жылдың сәуір айында Кембридж бен NIS арасында жаңа құжатқа қол қойылып, соның арқасында Зияткерлік мектептер біліктілікті арттыру процесстерін өз бетінше әзірлеуге мүмкіндік алған болатын.
Екі күнге жалғасатын есеп беру жиыны оқу-ағарту саласындағы негізгі түйткілдерді талқылауға бағытталған. Әсіресе біліктілікті аккредиттеу, бағалау жүйесіндегі инновациялар, онлайн бағалауға көшу (e-marker), «ағылшын тілі» пәнін 12-сынып емтихандарына қосу сынды мәселелер де талқыланады. Сонымен бірге жасанды интеллекттің бағалау процестеріне әсері мен болашақ ынтымақтастық жоспарлары да талданады.
«Соңғы 10 жыл ішінде біліктілікті көтеру мен тарату британдық серіктестермен бірлесе жүзеге асырылса, биылдан бастап біз біліктілік талаптарын өз бетімізше әзірлейтін болдық. Сондай-ақ оқыту жүйесіне озық тәжірибелерді өзіміз енгіземіз. Қысқа мерзім ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептері Кембридж сияқты біліктілікті басқарудың жоғары стандарттарына қол жеткізіп отыр. Тарихи өлшемдермен алып қарасақ бұл жоғары көрсеткіш. Осының нәтижесінде, елімізде оқу бағдарламалары мен бағалау құралдарын әзірлейтін екі тәуелсіз институт пайда болды», - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Кездесу аясында NIS делегациясы Кембридж университетіне және DC10 Printing and Logistics Facility-ге барып, ондағы жобалар мен ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Өз кезегінде, Білім беру жобалары жетекшісі Валид Багади бұл кездесу «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Кембридж арасындағы білім беру қатынастарын дамытудың маңызды қадамы болғанын атап өтті.