NIS оқушысының бірегей жобасы инвесторлардың қызығушылығын оятты

Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сафия Ибраева Foodrior карточкалық ойынын әзірлеп, оған авторлық құқық алды. Бұл ойын тағамның құрамындағы дәрумендер мен олардың құрамын тереңірек түсінуге бағытталған. Бірегей жобаны іске асыру үшін инвесторлар 700 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп отыр.

– Бұл идея маған 2023 жылдың көктемінде келді, сол уақытта дұрыс тамақтануға ден қойып, қызығушылық таныттым. Тамақтанудан тек ләззат алып қана емес, оның пайдасында көру маңызды. Сондықтан дәрумендерді есте сақтаудың оңай әдісін ойлап табуды ұйғардым. Өйткені медициналық білімі жоқ адамдар үшін дәрумендер мен минералдардың сан алуан түрін ұмытпау өте қиын, ал ойын арқылы бұл әлдеқайда жылдам әрі қызықты болады, – деді жас өнертапқыш.

Foodrior 122 ойын картасынан тұрады. Ойын барысында қатысушылар есте сақтау қабілеті мен сыни дағдыларды да дамытады, сонымен қатар минералдардың пайдасы мен химиялық қоспалардың адам ағзасына тигізетін зияны туралы ассоциативті ақпараттар алады.

2023 жылы жоба бизнес-жобалар арасында республикалық стартаптар байқауында 1 орын алды.