NIS оқушысы ағылшын тілінен халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды

Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Адина Алмахамбетова Түркияда өткен Hippo 2023 «English without Borders» халықаралық олимпиадасының жартылай финалында бірінші орын иеленді. Бұл жеңіс зияткерге ағылшын тілінен әлемдік деңгейдегі білім бәйгесінің финалына қатысып, ел намысын қорғауға мүмкіндік берді. Ақтық кезең биыл 27-30 қыркүйек аралығында Италияның бас қаласы Римде ұйымдастырылады.

Сондай-ақ халықаралық олимпиаданың жартылай финалында осы мектептен Әмірхан Хамраев та бақ сынады. Ол жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан жоғары нәтижеге қол жеткізді.

HIPPO – English Language Olympiad ағылшын тіліне қызығушылық танытқан жастар арасында достық қарым-қатынас орнатып, халықаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Осы жылы жартылай финал Түркиямен қатар Италия және Малайзия елдерінде өтті. Олимпиадаға 60 мемлекеттен 84 мыңға жуық оқушы қатысты.