NIS оқушысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының ең жас иегері атанды

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асанәлі Шоманов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанды.

Асанәлі сапасы төмен контентті тану мен онымен күресуге бағытталған қосымшаны ұсынған. Бұл идеяның ең басты ерекшелігі қолданушылардың медиа сауаттылығын қалыптастыру және цифрлық әлемде жалған ақпараттың әсерін азайту. Мұны ол арнайы білім беру тәсілдері арқылы реттеуге болады деген сенімде.

Айта кетейік, 14-35 жас аралығындағы 30 қазақстандық грант иегері атанды. Зияткерлік мектеп оқушысы биылғы жылдың ең жас грант иегері атанып отыр.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты қоғамның дамуына ықпал ететін жобаларды іске асыруға дайын дарынды жастарды қолдау мақсатында құрылған. Гранттар бағдарламасы ғылым, мәдениет, бизнес, IT, экология және әлеуметтік жобалар саласындағы бастамаларды дамытуға бағытталған.