NIS оқушысы АҚШ-та өткен халықаралық олимпиадада жеңіске жетті

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ернар Талғат АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Neo Science GRAND FINAL халықаралық олимпиадасында жеңімпаз атанды.

Олимпиада кодтау, математика және ғылыми бағыттарды қамтыды. Жарыстың қорытындысы бойынша Ернар coding final, coding Grand final, AI challenge санаттарында үш алтын медаль, science санатында күміс медаль еншіледі.

Маусым айында Нью-Йоркте ұйымдастырылған олимпиаданың финалдық кезеңінде АҚШ, Австрия, Босния, Герцеговина, Германия, Косово, Литва, Филиппин, Катар, Румыния, БАӘ, Вьетнам және басқа да елдерден келген қатысушылар бақ сынады.

Айта кету керек, қаңтар айында Ернар олимпиаданың бірінші онлайн кезеңінен сәтті өтіп, coding санатында бірінші орынды иеленді және Австрия мен Өзбекстан өкілдерімен бірге үздік үштікке енді.

Neo Science Olympiad – оқушылардың ғылым саласындағы білімін арттыруға бағытталған беделді жаһандық іс-шара. Платформа балаларға бәсекеге қабілеттілік және әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешу дағдыларын дамытуды көздейді, сондай-ақ түрлі мемлекеттен жиналған замандастарымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.