NIS оқушысы компьютерлік бағдарламалау тілін қазақ тіліне аударды

QOL деп аталатын өнертабыс түрлі бағдарламаларды бірден мемлекеттік тілде жазуға мүмкіндік береді. Лингвистикалық бағдарламалау саласында алғашқы отандық жобаға Қостанай NIS оқушысы Дамир Сарбасов авторлық құқық алды.

Оның бағдарламалауға деген құштарлығы отбасынан басталған. Әкесі мен ағасы тәжірибелі бағдарламашылар. Олар Дамирге жобасының барлық кезеңінде көмектескен. NIS-ке түскеннен кейін талантты оқушы информатиканы одан да тереңірек зерттей бастап, тілдік теңсіздікке назар аударғанын айтады.

– Бұрын бағдарламалау үшін орыс немесе ағылшын тілдерін білу қажет болатын. Бірақ Қазақстанда ағылшын тілін білмейтін адамдар көп. Менің өнертабысым олар үшін бағдарламалаудағы алғашқы қадам. Бұл қазақ мектептерінің оқушылары үшін ыңғайлы болады. Сонымен қатар, бағдарламалауды білетін адамдар мемлекеттік тілді үйрене алады, өйткені мұндағы барлық терминдер қазақ грамматикасына сәйкес келеді, – дейді Дамир.

Жоба сынақтан өту үшін өңірдегі мектептердің бірінде енгізілген. Болашақта ол бүкіл елге таралуы мүмкін. Сондай-ақ Qazaq Oriented Language (QOL) STAP Халықаралық жобалар конкурсының «Digital Kazakhstan» секциясында және «STEM» секциясында екінші орын, республикалық жобалар байқауының желілік кезеңінің «Информатика» секциясында үшінші орын, Future4you республикалық хакатонында Honorable Mention-ға ие болды.

Болашақта Дамир өз өмірін киберқауіпсіздікпен байланыстыруды жоспарлап отыр. Бұл біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өте өзекті мәселе.